2 жасқа дейінгі балаға мүлдем телефон беруге болмайды – дәрігер

21 Мамыр 2024, 16:25
2875
Бөлісу:
2 жасқа дейінгі балаға мүлдем телефон беруге болмайды – дәрігер
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Баланың телефонға әуестігі бір емес бірнеше аурудың тууына себеп болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір телефонға тәуелділікті туғанына төрт-бес ай болған баладан аңғарып жатамыз. Бұл ертеңіміз үшін алаңдайтындай көрсеткіш. Оған кім кінәлі, ата-ананың жауапкершілігінің жоқтығы ма әлде баланың өзі оған әуес болады ма? Назарларыңызға бала денсаулығына смартфонның тигізер әсері туралы арнайы білікті дәрігер Тұрсынай Назаровамен болған сұқбатты ұсынып отырмыз.

-Тұрсынай ханым, баланың ерте жастан телефонға әуестігі қандай ауруларға алып келуі мүмкін?

-Телефон немесе теледидар көп қарайтын балаларда көбінесе көру қабілетінің төмендеуі, тәбеттің, есте сақтау қабілеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы, бастың ауруы деген сияқты өзгерістер болуы мүмкін.

-Кей мамандар оның зәр шығару жүйесіне де әсер ететінін айтады.

-Иә, әрине кедергі келтіруі мүмкін, себебі ойынға немесе телефондағы басқа затқа қызығып, беріліп кеткен бала үлкен дәретке немесе кіші дәретке шыққысы келгенін сезбей немесе сезседе сақтап отыра беруі мүмкін. Егер бала осылай жиі жасайтын болса, онда баладағы сфинктерлердің жұмысын бұзып, зәрін ұстай алмай қалатын болады.

-Жалпы бала телефонды күніне қанша уақыт көруі керек?

-0-2 жастағы балалар мүмкіндігінше мүлдем телефон қарамау керек. Ал 3-6 жастағы балалар күніне 1 сағаттан көп емес. 7-12 жасқа дейінгі балаларға 2 сағаттан көп телефон қарауға болмайды.

-⁠Ерекше балалардың бойында қандай белгілер болады, ата-ана неге мән беру керек?

-Егер бала бір сөзді немесе бір қимылды қайталай берсе, сөйлегенде көзге қарамаса немесе атын айтып шақырғанда қарамаса оған зейін қою керек. Сонымен қатар бала уақытылы сөйлей алмаса немесе сөйлеуі кешеуілдегенін байқаса ата-ана алаңдаушылық білдіруі керек. Ол кезде міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.

-Телефонға тәуелділікті қалай жоюға болады?

-Бірінші орында ата-ана өздері телефонмен өткізетін уақытарын азайту керек. Себебі бала ата-ана нені жасаса соны қайталайды. Одан да барынша баламен көбірек бірге ойындар ойнап, кітап оқып, әңгімелесу арқылы уақыт өткізу керек. Сонымен қоса, балада бос уақыт қалдырмауға тырысу керек. Мысалы сабақтан соң қосымшаларға беріп, спортқа қатыстыруға болады.

-Бала телефонның кесірінен аутизм ауруына шалдығуы мүмкін бе?

-Телефонның кесірінен балада аутизм пайда болуы мүмкін емес, себебі аутизм ол туылған кезден бастап пайда болады. Яғни бала туылғанда аутизмнің белгілерімен туылады. Ешқандай телефон, телевизор, вакцина баланы аутист ете алмайды. Осыны ескеру қажет. Аутизм белгілері көбінесе бала 1 жастан асқанда айқын көріне бастайды да сосын көп ата-ана осы уақытқа дейін телефон көп қарағаннан бала аутист болып қалды деп ойлайды. Ол қате пікір. Тағы да қайталап айтайын, аутизм дені сау болып туылған балада пайда болуы мүмкін емес, ол ғылыми дәлелденген.

-Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

-Балаларға телефонды тек көмекші құрал ретінде қолдануды үйрету керек. Денсаулыққа зиян екенін түсіндіру және осы ұстанымды өзіңізде қолдану. Мүмкіндігінше баламен көбірек бірге уақыт өткізу бірге спортпен айналысуға кеңес беремін.

-Сұқбатыңызға алғыс білдіремін!

Өзгелердің жаңалығы