Алматыдағы Etasa Residence тұрғын үй кешенінің тұрғындары бірнеше күннен бері жарық пен сусыз отырғандарын айтып, қала әкімі Дархан Сатыбалдыға үндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, Жароков көшесі, 218 мекенжайында орналасқан кешенде шамамен 2 мың адам тұрады. Олардың арасында балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар.
Қазан айында үшінші рет жарықсыз қалып отырмыз. Соның салдарынан су да жоқ. Бұған құрылыс салушы Green Park Build компаниясы мен Nurcity Management басқарушы компаниясы арасындағы дау себеп болып отыр. Олар соттасып жатыр және ресурстық ұйымдарға төлемді толық көлемде жүргізбейді. Алатау Жарық Компаниясы алдындағы берешек шамамен 26,26 млн теңгені құрайды. Біз коммуналдық төлемдерді уақытында төлейміз, қарызымыз жоқ. Бірақ жарықсыз әрі сусыз отырмыз. Бұл дауға қатысымыз жоқ, – дейді тұрғындар.
Олардың сөзінше, мәселе бойынша аудан әкімдігіне, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына, төтенше жағдайлар қызметіне және БАҚ-қа бірнеше рет жүгінген.
19 маусымда Бостандық ауданының әкімі тұрғындарды, басқарушы компания мен құрылыс салушыны тыңдады. Алайда 1 шілдеге жоспарланған екінші кездесу өтпеді. Сонымен қатар Бас прокуратураға да арыз жолданды. Біз жарық пен суды шұғыл түрде қалпына келтіріп, тұрғындарды ресурстық ұйымдармен тікелей шартқа көшіруді сұраймыз. Сабырымыз таусылып барады. Жол жабуды қаламаймыз, бірақ бізді естуі керек, – делінген үндеуде.
Әкімдік не дейді?
Бостандық ауданы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Etasa Residence тұрғын үй кешенінде тұтынылған электр энергиясы үшін 26,8 млн теңге қарыз бар.
Берешектің болуына байланысты "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ тұрғын үй кешенін күн сайын электр желісінен ажыратып отыр. Аудан әкімдігі қызметкерлері құрылыс салушы компания басшылығымен қарызды өтеу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр, – деп хабарлады әкімдік.
Сондай-ақ құрылыс салушының ақпаратына сәйкес, қарызды өтеу жұмыстары жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Одан бөлек, әкімдік мәліметінше, жылумен жабдықтау қызметі үшін 28,1 млн теңге көлемінде берешек бар. Әкімдік «ETASA RESIDENCE» тұрғын үй кешеніндегі қарызды өтеу және инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселесі аудан әкімдігінің бақылауында деп сендірді.
Еске салайық, Etasa Residence тұрғын үй кешенінің тұрғындары бұған дейін де жарықтың сөнуіне қатысты шағымданған болатын.