Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2 маусым күні Қазақстан президенттігіне үміткерлердің сайлауалды штабтары жүргізген жұмыстарды назарларыңызға ұсынамыз.
ҚКХП атынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековті қолдау мақсатында «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін» деген ұранмен флеш-моб өтті.
«Ақ жол» партиясынан президенттікке үміткер Дания Еспаева штабы Алматы қаласында веложарыс өткізеді.
ҚР президентіне үміткер Әміржан Қосановтың Қарағанды облысындағы сайлауалды штабтарында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын бақылаушылар үшін семинарлар жалғасып жатыр.
«Ауыл» партиясынан кандидат Төлеутай Рақымбековтың Алматы облысындағы сайлауалды штабы ұйымдастырған үгіт-насихат концерттік шарамен жалғасты.
«Қазақстан кәсіподақтар федерациясынан» ҚР президенттігіне кандидат Амангелді Таспиховтың БҚО Өңірлік штабының белсенділері Орал қаласының қалалық саябақтары мен сауда орталықтарында үгіт-насихат жұмыстарының аясында қала тұрғындары мен қонақтарын кандидатқа дауыс беруге шақырып, үгіт-насихат парақшаларын үлестірді.
ҚР президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының басшысы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының бақылаушылары миссиясының басшысы Уршула Гацекпен кездесті.