Бұрын ақылы болған қызмет қазір тегін көрсетіледі – емхана басшысы

5 Ақпан 2020, 18:51
4088
Бөлісу:
Бұрын ақылы болған қызмет қазір тегін көрсетіледі – емхана басшысы
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада МӘМС аясында көрсетіле бастаған медициналық көмектің қалай іске асырылып жатқанын таныстыру үшін БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. 

TEMA6379.jpg

Бұл орайда №2 қалалық емхананың директоры және бас дәрігері Ләззат Рүспекова бұған дейін ақылы болып келген физиотерапевтік қызмет пен массаж жасау қазір халықтың бәріне тегін көрсетілетінін хабарлады.

TEMA6356.jpg

Мәселен, медициналық сақтандыру енгізілгенге дейін денсаулықты қалпына келтіру және оңалту қызметі бәріне бірдей қолжетімді емес еді. Бұдан былай тегін болмақ. Себебі, мемлекеттік бюджеттен 74 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.

TEMA6352.jpg

Емхананың бас дәрігері Ләззат Рүспекова балалар бөлімінің жұмысымен таныстырып, медициналық қызметті тегін алу үшін ата-ана не істеуі керек екенін айтып берді. 

Бізде денсаулықты қалпына келтіру және оңалту қызметі бұрын да болған, алайда барлығына бірдей қол жетімді емес еді. МӘМС көмегімен бұл қызмет түрін айтарлықтай ұлғайттық. Мысалы, физиотерапевтік қызмет пен массаж жасау бұрын ақылы еді. Ал, бүгінде бұл қызметтер халықтың бәріне тегін көрсетіледі. Бізге 74 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, жарты жылдай осыған дайындалдық. Оңалтушы, невропатолог, логопед және басқа да дәрігерлер білімін жетілдіріп, шетелден оқу оқып келді. Дәрігерлерден құралған арнайы топ балалардың милық салдануы, Даун ауруы, эпилепсия, кең тарай бастаған Аутизм тәрізді кеселдерді анықтап, қажетті емдеу курсы мен оңалту шараларын жазып береді, – деді емхананың директоры. 

TEMA6392.jpg

Ләззәт Рүспекова Нұр-Сұлтанда орналасқан №2 қалалық емхана бүгінгі күні 63 мыңнан астам адамға қызмет ететінін айтты. Олардың 18 мыңы балалар екен. 

Балалар бөлімінде арнайы кабинеттерден бөлек, жаттығу жасау залы мен массаж бөлмесі бар. МӘМС жүйесімен жұмыс істеу, емханаға сапалы қызмет көрсетумен қатар, медициналық құрал-жабдықты жаңартуға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді бас дәрігер. 

TEMA6347.jpg

Оның айтуынша, әртүрлі дерттеріне байланысты диспансерлік есепке тұрған балалар бар. Оңалту орталығына бару үшін бала мен анасы учаскелік педиатрдың жолдамасын алу керек. 

Одан кейін бала қай топқа баратыны, жылына неше рет келетіні анықталады. Сосын мультидисциплинарлық топ құрылады. Оның құрамына реабилитолог, невропатолог, психолог пен логопед кіреді. Олар балаға оңалту жұмыстарын жүргізу үшін не керек екенін, яғни оңалту жұмыстарына қатысты жеке жоспар жасайды. Келесі қадам - мультидисциплинарлық топтың шешім қабылдауы. Шешім қабылданғаннан кейін науқас баланың ерекшелігіне, қандай көмек қажет екендігіне қарай ем түрі басталады. Бір курс 1,5-2 айға созылады. Егер курсты қайталап өту қажет болса бала екінші жартыжылдықта келеді, - деп атап өтті №2 қалалық емхананың бас дәрігері Ләззат Рүспекова.

TEMA6386.jpg

Бұдан басқа, биылғы жылдың қаңтар айында 11 миллионға жуық қазақстандық консультативтік-диагностикалық көмек алған екен. 

TEMA6348.jpg

Тілшілерге арналған пресс-тур барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазынов МӘМС шеңберінде көрсетілген медициналық қызметтердің айтарлықтай ұлғайғанын және олардың халық арасында сұранысқа ие екендігін тілге тиек етті. 

TEMA6364.jpg

Мұны бірінші айдың алдын ала қорытындылары дәлелдеп берген. 

Осы жылдың қаңтар айында өнім берушілер 11,1 млрд теңгеге 10,8 млн консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетті. Өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда медициналық қызметтер санының өсуі шамамен 30%-ды құрады. Жалпы көрсетілген қызметтер көлемінде үлкен үлеске ие: салалық мамандарының консультациялық қабылдауы — 26% және клиникалық химия, яғни биохимия – 21%, - деп мәлім етті Айдар Сейітқазынов.

Өзгелердің жаңалығы