"Солярка үшін 500 млн, жылуға қосылуға 1,5 млрд". Депутат мемуниверситеттің мәселесін айтты

21 Қазан 2019, 13:10
6265
Бөлісу:
"Солярка үшін 500 млн, жылуға қосылуға 1,5 млрд". Депутат мемуниверситеттің мәселесін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті соляркаға жыл сайын 500 млн теңге жұмсайды. Ал орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу үшін 1,5 млрд теңге қажет.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жолдаған сауалында мәлімдеді.

"Е. Бөкетов атындағы университетте 12 мыңға жуық студенттің 8 мыңға жуығы ақылы негізде оқиды. Сіз ішкі мүмкіндіктерді пайдалану арқылы оқытушылардың жалақысын көтеру және солардың материалдық-базасын нығайту туралы айтқан болатынсыз. 1997 жылдан бастап Бөкетов атындағы ҚарМУ солярка жағып отыр. Орталықтандырылған жылу жоқ. Ол кезде 7 теңге болатын, қазір 200 теңгеге жуықтады. Университет жылына 500 млн теңгеге дейін артық қаржы жұмсап отыр. Әрбір балаға бөліп қарайтын болсақ әрбірінің қалтасынан жыл сайын  осыған 40-50 мың теңге кетеді. Осы мәселені шешуге Білім және ғылым министрлігі көмектессе дейміз", - деп сұрады депутат. 
Аймағамбетовв Қарағанды мемлекеттік университетінде мұндай мәселенің бар екенін жасырмады. 

"Сонау жылдардан бастап келе жатыр. Кезінде өздері автономды жылу беру жүйесіне көшу шешімін қабылдаған. Орталықтандырылған жылу беру жүйесіне көшейін десе мүмкіндік болмай отыр. Дұрыс айттыңыз, жылына 500 млн теңге кетіп жатыр. Ал мұғалімдер 65-70 мың теңге алып отыр. Бұл жеткіліксіз. Неге көтермейсіз десеңіз үлкен ақша жылу мәселесіне кетіп отыр. Шешу жолдарын қарастырып отырмыз. Жуырда ғана облыс әкімімен сөйлестік. Жалпы мемлекеттік университетті жылу жүйесіне қосу үшін 1,5 млрд теңге қаржы керек. Техникалық шарттарын бүгін беріп отыр. Осы мәселені жергілікті атқарушы органмен бірлесіп жақында шешеміз деген ойдамын", - деп жауап берді Аймағамбетов депутат сауалына.

Өзгелердің жаңалығы