1921-1923 жылдардағы ашаршылық туралы кітап жарыққа шықты

31 Мамыр 2022, 14:24
9691
Бөлісу:
1921-1923 жылдардағы ашаршылық туралы кітап жарыққа шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ-і өткен жылдың соңына дейін «Қазақстандағы ашаршылық. Голод в Казахстане. 1921-1923. Сборник документов и материалов» атты 2 томдық құжаттар мен материалдар жинағын даярлаған еді, деп жазды Facebook-тегі парақшасында архивтің директоры Сәбит Шілдебай.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Егемен Қазақстан" газетінде (5 қаңтар, 2021 ж.) жарық көрген "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында «...Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді», - деген болатын.

Мемлекет басшысының осы сөзіне жауап ретінде ҚР Орталық мемлекеттік архивінің басшылығы 1921-1922 жылдардағы ашаршылық жөніндегі құжаттар мен материалдар жинағын даярлау жұмысын өткен жылы мамыр айында қолға алып, 2021 жылдың қараша айында аяқтаған болатын, - деп жазды ол.

Халқымыз басынан кешірген аса ауыр нәубеттер бірінен соң бірі жалғасқан еді. 1918-1919 жылдары Түркістан Республикасына қарасты қазақ жерлерінде, 1921-1923 жылдары Қазақ АКСР-інің 5 губерниясы мен 1 уезінде және 1928-1934 жылдары бүкіл Қазақстанда болған алапат ашаршылықтан ұлтымыз орны толмас шығынға ұшырады. 

Біздің архив даярлаған бұл 2 томдыққа 1921-1923 жылдардағы ашаршылық тарихына қатысты тың құжаттар мен материалдар алғаш рет топтастырылып, ғылыми айналымға енгізіліп отыр.

Қазақ халқы Кеңес өкіметінің тұсында бірнеше алапат ашаршылықты бастан кешірді. Соның бірі – 1921-1923 жылдардағы ашаршылық еді. Бұл ашаршылық – тек Қазақстанның 5 губерниясы мен 1 уезін ғана емес, кеңестік Ресей федерациясының 30-дан астам губерниясын қамтыды. Әсіресе, Ресейдің Самара, Саратов, Поволжье, Оңтүстік Украина, Қырым, Башқұртстан, Приуралье және Батыс Сібір аймақтары ашаршылықтан қатты зардап шекті. Ашаршылық жайлаған осы 35 губернияны мекендеген 90 миллион халықтың 33 миллионы (ресми мәліметтерде 22 558 550 адам) аштықтың ауыр зардабын тартса, оның 5 миллионнан астамы алапат аштықтың құрбаны болды. Бірақ, бүгінгі таңға дейін 1921-1923 жылдардағы ашаршылық пен оның салдарынан өрши түскен жұқпалы аурулар және індеттерден қайтыс болған адамдардың санын нақты анықтаған бірде-бір зерттеу жұмысы жоқ, - деп жазды  Сәбит Шілдебай.

1921-1923 жылдары Қазақстанда болған ашаршылық тарихы – отандық тарихнаманың осал тұстарының біріне жатады. Бұл тақырып кешегі кеңес тарихнасында да дұрыс қарастырылмады. Зерттеушілер Азамат соғысынан кейін болған 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың басты себептері ретінде Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес барысында шаруашылықтың күйзеліске ұшырауын, әскери коммунизм саясатын, ауа-райының қолайсыздығынан болған қуаңшылықты, Азамат соғысының қиыншылықтарын, билік тарапынан жіберілген экономикалық қателіктердің салдары болғанын баса көрсетеді.

Қазақстандағы аса ауыр жағдайға қарамай, орталықтағы большевиктер билігі ашаршылыққа ұшыраған өзге де ұлттық республикалар мен губернияларға көмек көрсетуді ҚАКСР басшылығынан талап етті. Өз елінде ашаршылықтың дендеп, етек алып бара жатқанын көріп-біліп отырған ҚАКСР билігі жедел шешімді қажет ететін екі мәселені де шешу жолдарын қарастырды. Ресейге ішінара көмек жасағанымен, ел ішіндегі жағдайды реттеуді бірінші кезекке қойды, - деп жазды ол.

Қазақстандық тарихнамада аштық мәселесінің себептері мен зардаптарын қарастырған М. Қозыбаевтың еңбектері жоғары бағаланады.  Академик өзінің ғылыми тұжырымдары мен ұстанымдарын мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен газет тілшілеріне берген сұхбаттарында ашып көрсетуге тырысқан. 

Оның есебінше, 1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды үлкен демографиялық апатқа ұшыратқан. 1922 жылдың наурызында Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырап, олардың көбі өлген. Үкімет тарапынан көрсетілген көмек тек қала тұрғындарына ғана жеткізілгенін айта келіп, М. Қозыбаев ол тұста қалаларда қазақтардың екі пайызының ғана орныққанын, ал дені ауылдарда тұратынын жазады. М.Қ. Қозыбаев кейбір деректерде Орталық Қазақстанға төніп тұрған аштық апатын орталық басшылығы дер кезінде көріп, мән бермегендігін, тіпті Орталықтан келген азық-түлік жинаушы Ф.Э. Дзержинскийдің отрядтары Түркістан өлкесі, Ақмола, Семей губернияларындағы еңбекшілердің қолындағы астықты артық деген желеумен күшпен алып келгендігі туралы айтады .

Тарихшы ғалым Т. Омарбеков Қазақстандағы 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың шығуына себеп болған Ресейдегі азамат соғысының кесірінен қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұшырауы және табиғи апат, қолайсыз ауа-райының салдарынан туған жұт әсері деген жалпы тұжырымдармен келіспейді. Ғалымның пікірінше, бұл ашаршылықтың шығуына ауа-райының қолайсыздығы емес, азамат соғысының тұтануынан кейін болған шаруашылықтың күйзелуі, большевиктердің біржақты саясат жүргізуі себеп болған, - деп жазды Шілдебай.

Қазақ жеріндегі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы жұт пен ашаршылық нәубеті туралы архивтің бұрын ғылыми айналымға тартылмаған құжаттары негізінде жазылған С. Смағұлованың «Ашаршылық қасіреті» атты монографиясы іргелі және алғашқы зерттеулердің бірі. Зерттеуші сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы саяси жағдайларға, 1921-1922 жылдардағы аштықтың шығу себептері мен салдарына, аштықпен күрес барысындағы үкімет тарапынан жүргізілген іс-шараларға терең талдау жасайды. Сондай-ақ, аштықпен күрес кезіндегі және зұлматты ауыздықтаудағы қазақ зиялыларының жанкешті қызметіне және көмек қолын созған шетелдік ұйымдардың жұмыстарына да жан-жақты тоқталады.

1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың Қазақстанға тигізген зардабының қаншалықты болғанын білу үшін 1920 жылы және 1926 жылы жүргізілген халық санағының мәліметтеріне жүгінеміз. 1920 жылдың 28 тамызына дейін жүргізілген демографиялық санақ бойынша Қазақстанда (сол кездегі ТАКСР құрамындағы жерлерді қоспағанда) барлығы – 4 781 263 адам (қалалар мен қала типтес поселкелерде – 402 751 адам; темір жол жолағына алынған жерлерде – 18 695 адам; ауылдық жерлерде – 4 359 817 адам.) болды .

Ал 1920 жылы қазан айының соңына дейін жүргізілген ауылшаруашылық санағы бойынша ҚАКСР бойынша 4.369.650 адам ауылдық жерлерде есепке алынған. Көріп отырғанымыздай, екі санақтағы айырмашылық – 9.833 адамға тең. Сол сияқты, 1920 жылы екі санаққа да кірмей қалған, яғни санақ уақытында уақытша жоқ болған көшпелі ауыл халқының саны – 157.120 адамға тең болған. Міне, осы айырмашылықтардың барлығын қоса есептегенде, ҚАКСР Статистикалық басқармасының мәліметі бойынша 1920 жылдың күзінде ҚАКСР-де барлығы 4 938 383 адам есепке алынған . Әртүрлі себептермен есепке алынбай қалғандар мен ҚАКСР аумағындағы әскери бөлімдердегі (оның саны бізге белгісіз) адам санын қоса есептесек, 1920 жылдың күзінде ҚАКСР территориясында шамамен 5 миллионнан кем емес адам болды деген қорытынды жасаймыз, - делінген жазбада.

1923 жылы ҚАКСР-дегі халық саны – 3 786 910 адам болған . Бұдан, 1920-1923 жылдар аралығында ҚАКСР-де халық санының 1 151 473 адамға кемігенін байқаймыз . Осы мәліметке қарай отырып, шамамен алғанда азайған 1.151 мың халықтың қаншасының аштықтан, қаншасының жұқпалы аурулар мен індеттерден қайтыс болғанын және қаншасының көршілес республикаларға босып кеткенін терең зерттеп, нақтылау қажет деген қорытындыға келдік.

Аштық басталған соң-ақ, В.И. Ленин бастаған большевиктер партиясы шұғыл дабыл қағып, ашаршылыққа қарсы күрес жұмыстарын бастады. Осы жұмыс аясында, 1921 жылы 18 маусымда Бүкілресейлік ОАК декреті бойынша Ашыққандарға көмектесетін Орталық комиссия (ЦК Помгол) құрылып, оны БОАК төрағасы М.И.Калинин басқарды . Мұндай комиссиялар РКФСР-ға қарасты барлық автономиялы ұлттық республикалар мен облыстарда, губерниялар мен уездерде түгел құрылды. Соның бірі – 1921 жылы 8 шілдеде құрылған ҚАКСР Орталық атқару комитеті жанындағы Ашыққандарға көмектесетін төтенше комиссия (одан әрі – АКТК) еді.

Комиссияны ҚазОАК төрағасы С. Меңдешев басқарса, оның алғашқы құрамына мүше болып Азық-түлік (И.О. Шлейфер), Жер-су (В.Н. Харлов), Әлеуметтік қамсыздандыру (Ә.Т. Жангелдин) халкомдары және ЖШИ халкоматының өкілі кірді . Барлық губаткомдар мен уаткомдардың және ауаткомдардың жанынан ашыққандарға көмектесетін жергілікті комиссиялар құрылды. Болаткомдардың, ауылдық және селолық кеңестердің жанынан ашыққандарға көмектесетін өзара көмек комитеттері мен ұяшықтар ұйымдастырылды, - деді ол.

Қазақ даласында басталған ашаршылықты С. Меңдешев былайша сипаттаған болатын: «1921 жылы мамырда егіcтік түрі қолайлы болды және астық түсімі орташа немесе орташа деңгейден төмен болмайды деп күтілді, бірақ, шілдеде басталып ұзаққа созылған құрғақшылық, содан кейін көптеген жерлерде қара бұлттай қаптаған шегірткелер толқыны егінді толығымен жойды. 

Республикадағы аштықтың алғашқы сәті шаруаларды жаппай қоныс аударумен, мұқтаждыққа ұрынған аш босқындардың қалаларда шоғырлануымен қатар жүрді, олардың арасында ауру мен өлім етек алды. Көшеде қараусыз қалған көптеген киімсіз балалар пайда болды. Аштыққа байланысты, 1921 жылы 15 шілдеде қызметіне кіріскен ҚазОАК жанындағы АКОК құрылды. Орталық комиссия аштыққа қарсы күрес жөніндегі жоспарды дайындауды және халкоматтардың аппараттарын пайдалана отырып оларға тапсырмалар беру басшылығын ұйымдастыруды өз мойнына алды» .

1921 жылы 6 қазанда басталған ҚАКСР Кеңестері ІІ съезінің 4-ші мәжілісінде Азық-түлік халкомының міндетін атқарушы И.О. Шлейфер «Аштықпен күрес туралы» баяндама жасады. Съезд И. Шлейфердің баяндамасын талқылап, «Аштықпен күрес туралы мәселе жөніндегі қарар» қабылдады . Қарардың қорытынды пунктіне сәйкес, 1921 жылы 25 қазанда ҚАКСР ОАК Президиумы АКТК құрамын кеңейтіп, оны Ашыққандарға көмектесетін орталық комиссияға (АКОК) айналдырды . АКОК құрамына ашыққандарға көмектесуге ықпал жасай алатын барлық мемлекеттік билік органдарының өкілдері енгізілді. 1921 жылдың қарашасына қарай республика бойынша ашыққан адамдардың саны 1 558 927 адамға жетті, - деді ол .

Қазақ даласында басталған ашаршылықтың бірнеше себептері болды. 1921 жылдың көктемінен бастап ұзаққа созылған құрғақшылықтың салдарынан астық пен шөптің күйіп кетуі ең негізгі себеп болды. Ал Қазақ Республикасы аумағын қамтыған 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы, 1920 жылы астық пен шөптің шықпай қалуы, 1920 және 1921 жылдары малдың жұтқа ұшырауы республиканың ауыл шаруашылығын толық құлдыратып, ашаршылыққа алғышарттар қалыптастырды. 

Сонымен қатар, Кеңес өкіметі жүргізген әскери коммунизм саясаты шаруалардың еңбекке деген ынтасын күрт төмендетіп, егістік көлемі мен мал басының күрт кемуіне себеп болды. Мысалы, 1917 жылы Қазақстандағы егістік көлемі 5 840 000 десятина болса, 1920 жылы – 3 075 000 десятинаға, 1921 жылы – 2 098 000 десятинаға тең болды. Демек, 1917 жылдан 1920 жылға дейін егіс алқабы 20%-ға, 1917 жылдан 1921 жылға дейін 47%-ға қысқарған. Сондай-ақ, 1917 жылы – 29 700 000 бас мал болса, 1920 жылы – 9 700 000 бас малға, 1921 жылы – 6 200 000 бас малға дейін азайған. Яғни, 1917-1920 жылдар аралығында малдың азаюы 67%, 1917-1921 жылдары – 83% құраған. Егер аштыққа ұшыраған 5 губернияны жеке алып қарасақ, егіс алқабы 1917-1920 жылдары 24%-ға, 1920-1921 жылдары 33%-ға және 1917-1921 жылдары 55%-ға қысқарғанын, 1917 жылдан 1920 жылға дейін мал басының 60%-ға, 1920 жылдан 1921 жылға дейін 46%-ға және 1917 жылдан 1921 жылға дейін 78%-ға кемігенін көреміз, - деді Сәбит Шілдебай.

Бұл деректер ауылшаруашылығындағы апатты жағдайды айқын көрсететін еді. 1921 жылы ҚАКСР-дегі 2 098 000 десятина егіс алқабынан орташа есеппен әрбір десятинадан 32 пұт алғанның өзінде астық көлемі 70 миллион пұттан аспайтын еді. Ал азық-түлік пен тұқым қажеттілігі 100 миллион пұтты құрайтын еді . Бірақ, құрғақшылық күйдіріп, шегіртке жайпаған алқаптардан ешқандай астық түсімі болмады. Міне, азық-түліктің осындай тапшылығы 1921 жылдың жазының өзінде-ақ халықтың аштыққа ұшырауына себепкер болды.

Ашаршылық шырқау шегіне жеткен 1922 жылдың қыс-көктем айларында 3 млн-ға жуық адам аштық құрсауында қалды. 1 млн-ға тарта бала қараусыз қалды.

Бүгін қолыңызға ұстап отырған 2 томдық құжаттар мен материалдар жинағы – тікелей осы тарихи әділеттілікті қалыпқа келтіруге бағытталған. 2021 жылдың соңында даяр болғанымен, қаржы жоқтығына байланысты біраз уақыт баспада жатып қалған кітабымыз қазақтың біртуар азаматы, мәшһүр меценат Ғани Смаханұлы деген бауырымыздың қолдауымен жарыққа шықты. Алла-тағаламыз Ғани Смаханұлы бауырымыздың дәулетін еселей берсін!

1921-1923 жылдары аштықтан опат болған миллионның айналасындағы аруақтардың жоғын жоқтап, ұлт тарихындағы трагедияның жай-жапсарын толық ашуға бағытталған еңбектің тұсаукесерін Алла жазса жақын арада өткізетін боламыз, - делінген жазбада.

Өзгелердің жаңалығы