Медициналық авиация – өмір мен өлім арасында арпалыс жүретін ерекше сала. Ауада науқас өмірі үшін күрес жүргізетін ақ халаттылардың еңбегі ерен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстандағы медавиация саласы елорданың төрінде орналасқан Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында жолға қойылған.
Осы бағытта 20 жылға жуық уақыт қызмет етіп келе жатқан реаниматолог-дәрігер, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық авиация мобильдік бригадасының маманы Борис Валерьевич Сартаевпен сұхбаттасудың сәті түсті. Ол бізге медавиацияның қыр-сыры мен өз тәжірибесіндегі ең әсерлі сәттерді ашық айтып берді.
– Борис Валерьевич, шұғыл медициналық көмек саласына қалай келдіңіз?
– Шұғыл медицинамен студент кезімнен айналыса бастадым. 1998 жылдан бастап Астана Медицина университетіндегі оқуыммен қатар жедел жәрдемде жұмыс істедім. Алдымен фельдшер болдым, кейін дәрігерлікке ауыстым. Қалалық жедел жәрдем станциясында 2003 жылдан 2010 жылға дейін қызмет еттім. Кейін сол жылы медициналық авиация құрылып жатқанда, алғашқы мамандардың бірі ретінде шақырту алдым. Сол кезден бастап осы салада, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында қызмет етіп келемін. Басында елімізде мұндай қызмет толық жолға қойылмаған еді. Облыстарда дәрігерлер көлікпен барып жүретін. Біз орталықтан ұшу арқылы науқастарды тасымалдауды жүйелеуге тырыстық. Содан бері 15 жылдан артық уақыт өтіпті.
.jpeg)
– Медавиация дәрігерінің бойында қандай қасиеттер болуы керек деп есептейсіз?
– Ең бастысы – жинақылық пен зейін. Себебі кейде санаулы минуттар ішінде науқастың жағдайын толық бағалап, қандай ем шараларын жасау керектігін шешу керек. Бар-жоғы 15-20 минут ішінде анализдермен танысып, УДЗ, рентген, ЭКГ, КТ, МРТ тағы басқа нәтижелерін қарап, туыстарымен және емдеуші дәрігермен сөйлесіп, пациентті ұшуға дайындау қажет.
Сонымен қатар біз тек жедел жәрдем дәрігері емес, стационарлық дәрігердің де білімін игеруіміз керек. Себебі кейде бізге жаңа туған сәбиден бастап ересек жастағы пациенттер де кездеседі. Яғни өте ауқымды медициналық білім қажет.
Тағы бір ерекшелік – аэрофизиология. Ұшақта пациентке әсер ететін қысым, діріл, ауа температурасы, жылдамдық сияқты факторлардың барлығы ескерілуі тиіс. Бұл – әдеттегі жердегі ауруханадағы жағдайдан мүлде өзгеше.

– Физикалық дайындық та маңызды шығар?
– Әрине. Ең ауыр пациент – салмағы 192 келі болған. Ұшақтағы арнайы көтергіш құрылғылар 150 келіге дейін ғана көтереді. Қалғанын өзіміз реттеп, адамдарды ұйымдастырып, пациентті бортқа кіргіздік. Кейде 10 шақты адам көмектеседі. Ондай сәттерде физикалық шыдамдылық пен ұйымшылдық қатты керек.
– Ең есте қалған сәттер туралы айтып өтсеңіз?
– Ең ауыр жағдай – жүрек пен өкпені бір мезетте ауыстыру керек болған пациент. Біз оны ЭКМО аппаратына қосып алып келдік. Қанға оттегі беретін құрылғы, ӨЖЖ (ИВЛ) аппараты, баллон, перфузорлар – бәрін қолдандық. Барлық аппарат пен пациенттің салмағы 250 келіге жуықтады. Оны ұшаққа кіргізу, тасымалдау – бұл шын мәнінде өмір үшін күрес болды. Операция сәтті өтті, бірақ мұндай сәттер ешқашан ұмытылмайды.
.jpeg)
– Жалпы, әуедегі медицинаның «жердегі» жедел жәрдемнен айырмашылығы неде?
– Алғаш қарағанда бәрі бірдей сияқты көрінуі мүмкін: бар болғаны пациентті бір жерден екінші жерге жеткізу ғана деп ойлаймыз. Бірақ айырмашылық жер мен көктей. Мысалы, жердегі жедел жәрдемде пациентті 15-20 минутта жеткізіп тастайсың. Ал біз кейде бірнеше сағат бойы әуеде боламыз. Бір жолы мен 13 сағат бойы Филиппиннен Астанаға ауыр науқасты алып келгенбіз. Бұл уақыт ішінде науқаста қандай асқынулар болуы мүмкін алдын ала болжау керек. Әуе көлігінде қысым өзгереді, діріл, температураның ауысуы, қозғалыс – бәрі науқасқа әсер етеді. Сондықтан біз кей құрылғыларды өзгертіп, алдын ала арнайы шаралар жасаймыз.
.jpeg)
– Медавиация бригадасы қалай шақырылады? Алгоритмі қандай?
– Қазақстан бойынша әр өңірде координатор дәрігер бар. Олар ауруханадағы ауыр жағдайдағы пациенттерді жергілікті дәрігерлермен бірге бақылап отырады. Егер белгілі бір өңірден аудан орталығынан облыс орталығына, облыс орталығынан Астана, Алматы қалаларына пациенттің жағдайына байланысты тасымалдау қажет болса, медициналық авиция арқылы тасымалдауға көрсетілім болса, барлық мәліметтер координатор арқылы диспетчер бөліміне түседі.
Ал шетелден науқас тасымалдау процесі біраз күрделірек. Әуелі туыстары консулдыққа жүгінеді, одан кейін СІМ арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне өтеді. Егер пациенттің жағдайы ауыр болса, біз арнайы рейспен барып алып келеміз. Барлығы мемлекет есебінен жүргізіледі.
– Қай елдерге барып көрдіңіз?
– Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Филиппин, Ресей, Қырғызстан, Оңтүстік Корея, Египет – бұл тек кейбірі ғана. Бірде Мединадан пациент алып қайттық. Ұшақтан түсуге рұқсат берілмеді, тек әуежайда күтуге тура келді. Дубайдан суға тұншыққан баланы алып қайттық. Ондай сәттер көп.

– Бала пациенттер туралы не айтасыз?
– Ең ауыры – шала туған балалар. Бізде шұғылдық жағынан санаттары бар: бірінші кезекте нәрестелер, сосын балалар, жүкті әйелдер, босанған әйелдер, содан кейін барып ересектер. Себебі балалар күте алмайды – операцияны дер кезінде жасамаса, өмірі үзіліп кетуі мүмкін. Сондықтан бригада алдымен ең осал топқа көмекке барады.
– Медавиация қызметі елімізде қаншалықты маңызды?
– Медавиация саласы – өте қажет саланың бірі. Әр ауылда күрделі операция жасайтын мамандар жоқ. Бұрын шала туған балалардың көбі тірі қалмайтын. Қазір медавиацияның арқасында өмір сүру мүмкіндігі артты. Бізде бұл жүйе жақсы жолға қойылған. Бұрынғы Кеңес елдері ішінде Қазақстанда ғана осындай ұшқыр құрылым жұмыс істейді.

– Әрбір рейске қалай дайындаласыздар?
– Бәрі пациент туралы мәлімет алған сәттен басталады. Алдымен ауру тарихымен танысамыз. Қандай қосымша аппарат қажет, не дайындау керек – бәрін осы кезде шешеміз. Егер, мысалы, пациенттің миында ісік немесе жарақат болса, ұшуға дейін арнайы препараттар тағайындалады. Біз емдеуші дәрігермен байланысқа шығып, сол дәрілерді алдын ала енгізуді өтінеміз.
Одан кейін жабдықтарды дайындаймыз: ӨЖЖ (ИВЛ) аппараты, оттегі баллондары, перфузорлар тағы басқа қажетті құрал-жабдықтар. Кейде жедел түрде анализдерді қайта жасауға сұраныс береміз. Ұшуға санаулы сағаттар қалғанда бүкіл процесті үйлестіру қажет.
– Ұшу барысындағы жауапкершілік қандай?
– Ұшақта біз тек пациентпен жалғыз қаламыз. Байланыс жоқ. Егер төтенше жағдай бола қалса, ешкімнен кеңес сұрай алмайсың. Сондықтан барлық мүмкіндікті алдын ала болжау керек. Әр құрылғының резерві болуы тиіс. Барлық дәрі-дәрмектің артық мөлшерімен аламыз. Кейде тіпті, жүк сияқты көрінетін 20 сөмкенің әрбірі – бір төтенше жағдайға арналған.
– Отбасылық өмір мен денсаулыққа бұл қызмет қалай әсер етеді?
– Уақытымыздың көбісі жолда өтеді. Ұшу ұзаққа созылса, 4-5 тәулік үй көрмей кететін кезіміз бар. Бірақ осы жұмыстың бір жақсы тұсы – кезекпен жұмыс істейміз. Бір тәулік жұмыс істесек, кейінгі екі күн – отбасыға, өзімізге арналады.
Физикалық белсенділігімді спорт арқылы ұстап тұрамын. Велосипед тебемін, жүгіремін, суда жүземін. Қандай шаршау болса да, кешкісін 10 шақырым велосипедпен жүріп өтемін. Бұл – менің медитациям.

– Әйел дәрігерлердің медавиациядағы рөлі қандай?
– Олардың еңбегі ерен. Аппаратураның салмағы – 40-50 келі. Нәресте таситын инкубатор да жеңіл емес. Бірақ соның бәрін олар көтеріп жүр. Олар туралы арнайы деректі фильм түсіру керек дер едім. Әйел адамға бұл салада жұмыс істеу екі есе қиын, сондықтан оларға құрмет ерекше болуы тиіс.
– Қай өңірлерден жиі шақырту аласыздар?
– Түркістан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары – біз ең көп ұшатын өңірлер. Халық тығыз орналасқан әрі күрделі медициналық орталықтар саны аздау. Жақын орналасқан өңірлер кей жағдайда пациенттерді реанимобильмен жетікізіп үлгереді. Жолдың қиындығы, науқастың жағдайы, уақыттың тығыздығы – бәрін ескереміз.
– Медавиация қызметі толықтай тегін бе?
– Иә, толықтай мемлекет есебінен жүргізіледі. Шетелден де пациенттерді осылай алып келеміз. Бұл – Қазақстанның өз азаматтарына деген қамқорлығының бір көрінісі.
– Медавиация дәрігерін үш сөзбен сипаттасаңыз?
– Жинақы. Төзімді. Жүректі.
– Сұхбатыңызға рахмет!