18 тамыз – Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні

18 Тамыз 2021, 17:03
3941
Бөлісу:
18 тамыз – Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін осыдан 23 жыл бұрын Президент жарлығымен құрылған Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамы кәсіби мерекесін атап өтеді.

Әуе қорғанысы күштерінің басты міндеті - Қазақстанның әуе шебін қорғауды, мемлекеттік, әкімшілік және әскери объектілердің әуе шабуылына қарсы қорғанысын, Қарулы Күштердің басқа әскер түрлері мен тектерін авиациялық қолдау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындауды қамтамасыз ету болып табылады. Әскерлер құрамына әскери-әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кіреді.

18 тамыз – Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні

Жеке құрам тәулік бойы еліміздің әуе шебін күзету бойынша кезекшілік атқарады. Жыл сайын жауынгерлік даярлық іс-шараларының қарқыны артып келеді. Жаттықтырулар мен оқу-жаттығулар жауынгерлікке барынша жақындатылған жағдайда өткізіледі. Бұның бәрі әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған.

Әуе қорғанысы күштері Қарулы Күштердің ең жоғары технологиялық түрі болып табылатындықтан, жеке құрамды оқытып-үйретуге ерекше назар аударылады. Әскери ұшқыштар күндізгі және түнгі уақытта, қарапайым және күрделі метеожағдайда оқу-жаттығу ұшуын жүзеге асырады. Жас офицерлер нормативтерді орындай отырып, экипаж командирі ретінде дербес ұшуға арнайы рұқсат алады. Жаңа буын құрамымен тәжірибелі нұсқаушылар жұмыс істейді. Қажетті оқу-материалдық база құрылған.

ТМД ӘШҚҚ Біріктірілген жүйесінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің есептоптарымен жаттықтырулар, сондай-ақ әртүрлі оқу-жаттығулар ұдайы өткізіліп отырады. Атап айтқанда, биылғы жылдың күзінде «Жауынгерлік достастық – 2021» халықаралық оқу-жаттығуына қатысу жоспарлануда.

Әскери-әуе күштері үшін авиациялық, сондай-ақ жерүсті қамтамасыз ету мамандарын Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері үшін кадрларды Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты даярлайды.

18 тамыз – Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні

Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техниканың қазіргі заманғы үлгілерін кезең-кезеңімен сатып алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. 2015 жылдан бастап қайта жарақтандыру бағдарламасына сәйкес Әскери-әуе күштері Су-30СМ көпфункционалды жойғыштарын, Ми-35М жауынгерлік тікұшақтарын, Ми-171Ш жауынгерлік-көлік тікұшақтарын, сондай-ақ ЕС-145 «Еурокоптер» тікұшақтарын, С-295М әскери-көлік ұшақтарын, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алатын болады. L-39 және Су-27 ұшақтары күрделі жөнделді және жаңғыртылды.

18 тамыз – Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қазіргі заманғы қару-жарақ үлгілері: жаңғыртылған С-300 зениттік зымыран кешендері, GM-403 «Нұр» және «Роса» радиолокациялық станциялары, «БУК-М2Э» жаңа зениттік зымыран кешені жеткізілді.

Қазіргі уақытта Әуе қорғанысы күштерін автоматтандырылған басқару жүйесі интеграциялануда, ол әуедегі қарсыласқа тойтарыс беру үшін әртүрлі күштер мен құралдардың жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Жүйенің жауынгерлік мүмкіндіктері радиолокациялық ақпаратты барынша қысқа мерзімде жинап, өңдеуді жүзеге асыруға, әуедегі және жердегі жағдай туралы хабардар етуге, ӘШҚҚ кезекші күштері мен құралдарын басқаруға, авиацияның қауіпсіз ұшуына, әуеден соққы беру кезінде жауынгерлік іс-қимылдарды үйлестіруге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы