18 наурыз – «Игі істер» күні

18 Наурыз 2021, 17:50
6737
Бөлісу:
18 наурыз – «Игі істер» күні

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көктем мерекесі – Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды тапсырған болатын. 

Мәдениет және спорт министрлігі Президент тапсырмасы негізінде «Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын бекіту туралы» үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Жобада Наурыз мейрамын тойлауға байланысты іс-шараларды 10 күн бойы өткізу жоспарланған. Наурыз мейрамын тойлаудың басты міндеті – ұлттық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайту, рухани жаңғыру құндылықтарын кеңінен айту.

Бүгінде ұлттық мейрам Алматы облысы Алакөл ауданында да ерекше форматта ұлықталып жатыр. Мейрамды атап өту барысында 14 наурыз көрісу күнінен бастап, ауданға қарасты 24 ауылдық округте іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Шаралардың легі аудандық жастар ресурстық орталығының «Бұлақ көрсең көзін аш», аудандық З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің «Шежіре күніне» орай «Шежіреден сыр шерту», «Ана тілі аруы» байқауы мен аудандық кітапхананың «Алаштың ақмаңдай ерлері» атты бірқатар іс-шара өткізілді. 

Қайырымдылық жасау қанына біткен алакөлдік азаматтар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 18 наурыз - «Игі істер» күніне орай қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Қолы ашық, жомарт жандар аудандағы аз қамтылған және көпбалалы 75 отбасына көмек көрсетті. 

Артынша «Алакөл аруы» байқауы өтті. Аталған іс-шаралар әліде өз жалғасын тауып, «Аялы алақан», «Асар»  акциялары бойынша жүзеге аспақ. Жергілікті атқарушы органдардың бөлім басшылары, халық қалаулылары, кәсіпкерлер мен жастар бастаған топ азық – түлік себеттерін үйді – үйге апарып, Ұлыстың Ұлы күні наурыз мейрамымен аудан тұрғындарын құттықтады. 

18 наурыз – «Игі істер» күні

Наурыз меркесіне орай ұйымдастырылған «Аялы алақан», «Асар» акцияларына барлық бөлім-мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер мен жастар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жалпы саны 75 адамға көмек көрсетті. Әр бөлімнің мекеме басшылары азық-түлікке толы себеттерді өз қаражаттарына сатып алды. Жалпы ісшараға 1,5 млн теңге қаражат жұмсалды, - дейді аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А. Садірбекова. 

Жалғыз басты зейнеткер Валентина Дегтярева өз кезегінде жомарттық танытып, мереке қарасаңында күтпеген сыйлық жасаған қауымға алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Қолға алған игі бастамаларына сәттілік тіледі. Зейнеткердің айтуынша, өңірімізде қайырымды адамдардың көп болғаны көңіл қуантады.

Өзгелердің жаңалығы