1,6 мыңнан астам адам бет-жүзді жасыратын киім кигені үшін жауапқа тартылды

Алғаш рет құқық бұзғандарға ескерту беріледі. Егер бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

 Polisia.kz Бүгiн 2026, 08:11
Бүгiн 2026, 08:11
110
Фото: Polisia.kz

Ұлытау облысының полициясы қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты заң талаптарын сақтау қажеттігін тағы бір мәрте еске салды.

Полицияның мәліметінше, бұл талап «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңның 75-бабының 3-тармағында көзделген. Аталған нормаға сәйкес, қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын көзбен тануға мүмкіндік бермейтіндей дәрежеде бетті толық жабатын киім киюге тыйым салынады.

Бұл талап ауа райына байланысты немесе медициналық көрсетілім болған жағдайда қолданылмайды. Сондай-ақ қызметтік міндетін атқару кезінде, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысушыларға қатысты бұл шектеу жүрмейді.

Заң талаптарын бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Алғаш рет құқық бұзғандарға ескерту беріледі. Егер бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта осы бап бойынша 1613 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Осыған байланысты Ұлытау облысында полиция қызметкерлері тұрғындармен және қоғамдық орындарға келушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары бұл талаптың негізгі мақсаты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін айтып, азаматтарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті құрметтеуге шақырды.

Полиция өкілдері тыйымның қандай да бір киім түріне емес, бет-жүзді тануға мүмкіндік бермейтін барлық жабындарға қатысты қолданылатынын атап өтті.

Наверх