Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов әлеуметтік желідегі парақшасында алкогольге тәуелділікпен күресіп жүргенін ашық айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Спортшының айтуынша, бұл жаман әдет уақыт өте келе қауіпті тәуелділікке айналып, тіпті жол-көлік оқиғасына түсуіне де себеп болған. Қазір ол өміріндегі күрделі сынақ кезеңінен өтіп жатқанын жеткізді.
«Бәрі мені сынап жатыр ғой: "Ішімдік ішкен күйі жол апатына ұшырады" деп. Иә, мен мойындаймын. Алкогольге жақындығым, әуестігім бар. Білмеймін енді қалай болғанын. Бұл күлетін нәрсе емес, бірақ адамдар күледі. Әркім өзінің басына келмегеннен кейін түсінбейді ғой. Кезінде мен де жас кезімде күлгенмін, түсінбейтінмін. Бірақ, күлген адамның өзінің де басына келеді. Алла тағала осы өмірде сынап, айтқан нәрсеңді өз басыңа келтірмей қоймайды», – деп ағынан жарылды Данияр Елеусінов.
Ол өзінің осылай басына түскен сынағын айтып отырғанын көпшілік түсінбейтінін де жеткізді.
«Осылай ашып айтып отырғанымды қазақ халқы түсінбейді ғой, "Айтуға болмайды ғой, күш-жігері қайда?" дейді. Қаншалықты күш-жігерім бар болса да, мені Алла тағала осылай сынап тұр. Мен әлем чемпионы болдым, барлық Азия ойындарын ұттым. Бірақ, менде осындай сынақ. Басқа адамдарда басқаша сынақ болады – олар олимпиада чемпионы болмайды, бірақ өмірдің басқа саласында мықты болады. Менде осындай сынақ болды. Өмір ғой. Өз бастарыңызға келмей, сынай бермеңіздер», – дейді спортшы.
Еске салайық, бұған дейін Данияр Елеусіновтің Астанадағы үш жол-көлік оқиғасынан кейін қамауға алынғаны хабарланды.