1,6 млрд теңге жымқырған. Қостанай облысында ет сатқандар ұсталды

27 Шілде 2023, 10:46
824
Бөлісу:
1,6 млрд теңге жымқырған. Қостанай облысында ет сатқандар ұсталды
Фото: Арман Мухатов

Қостанай облысында бұрын әшкереленген қылмыстық топтың 2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін ет сату бойынша ойдан шығарылған мәмілелер арқылы бюджет қаражатын жымқырған әрекеттеріне қатысты тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұрлықтың сомасы 1,6 млрд теңгеден асады.

Еске салайық, ұйымдасқан топты ірі ет өңдеу кәсіпорнының директоры басқарды, оның құрамына қарамағындағылар, шаруа қожалықтарының басшылары, мал дәрігерлері мен лауазымды тұлғалар кірді. Қылмыстық схема шаруа қожалықтарының қайта өңдеу зауытына жоқ өнімдерді, сондай-ақ қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген субсидиялар алған артық салмағы бар өнімдерді жеткізуден тұрды, - делінген ҚМА таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қылмыстық әрекеттеріне қатысы бар 50-ден астам шаруа қожалықтары анықталды.

Алаяқтық, ұйымдасқан топ құру және басқару фактілері бойынша он жеті қылмыстық іс тіркелді.

Топ мүшелерінің банк ұяшықтарында және есепшоттарында шетел және ұлттық валютадағы жалпы сомасы 3 млн астам АҚШ доллары бар екені анықталды. Алдын ала тергеу барысында қожалық басшылары кінәсін мойындап, 62 млн теңгеден астам қаржыны өз еркімен мемлекет кірісіне қайтарған. Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 белсенді мүшесі қамауға алынды, - делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілмейді. Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Өзгелердің жаңалығы