Ақтаулық 15 жастағы теннисші Нұрдәулет Балқан Қырғызстанда өткен J60 Cholpon-Ata халықаралық жасөспірімдер турнирінің жұптық сынында жеңімпаз атанды. Жарыс 17-23 тамыз аралығында Чолпон-Ата қаласының топырақ төселген корттарында өтті.
Балқан Гонконг өкілі Фу Ван Чоймен жұп құрып, өнер көрсетті.
Бірінші айналымда бұл дуэт қазақстандық Нұрислам Мұса мен Дамир Ниязов жұбын 6:1, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Ширек финалда Балқан мен Фу Ван Чой Қазақстаннан келген Егор Сорокин және Даниэль Юреклимен кездесті. Матч халықаралық дуэттің пайдасына 7:5, 7:6 (1) есебімен аяқталды.
Жартылай финалда оларға турнирдің бірінші ракеткалары – Израиль өкілі Давид Могилевский мен Үндістаннан келген Паншул Убовея қарсы тұрды. Балқан мен оның серігі 6:4, 6:1 есебімен басым түсті.
Финалда қазақстандық-гонконгтық дуэт ресейлік Артем Голиков пен беларусьтік Иван Притюпаға қарсы ойнады. Тартысты бәсеке де Балқан мен Фу Ван Чойдің жеңісімен аяқталды – 6:2, 6:3.
Теннис орталығының бапкері Берекет Жәнібековтің айтуынша, бұл жарыс жас спортшы үшін үлкен тәжірибе болып, қосымша халықаралық ойын тәжірибесін жинауға мүмкіндік берді.