- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 1,5 сағатта 2 млн теңге: Қазақстанда онлайн сауда қалай дамып жатыр?
1,5 сағатта 2 млн теңге: Қазақстанда онлайн сауда қалай дамып жатыр?
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
7 Қыркүйек 2026, 07:30
Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы, соның ішінде тікелей эфирде тауар сату форматы дамып келеді. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елдегі ішкі электронды сауда көлемі 3,8 трлн теңгеге жуықтаған. Оның 86%-ы маркетплейстер арқылы жүзеге асқан.
Ал тікелей эфир арқылы сауда жасау қалай жүргізіледі, мұндай саудаға қандай талаптар қойылады және жоғары сатылымға жетудің сыры неде? BAQ.KZ тілшісі осыны зерттеп көрді.
Электронды сауда көлемі 3,8 трлн теңгеге жуықтады
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы ішкі электронды сауда көлемі 2024 жылы 3 156,4 млрд теңге болса, 2025 жылы 3 768,8 млрд теңгеге жеткен. Бір жылда өсім 19,4% болды.
Электронды сауданың жалпы бөлшек саудадағы үлесі 2024 жылы 14,1%, 2025 жылы 14,3% болды.
2025 жылы электронды сауда көлемінің 3 237,5 млрд теңгесі немесе 86%-ы маркетплейстер арқылы жүзеге асқан. Ал 531,3 млрд теңге немесе 14%-ы кәсіпкерлердің жеке интернет-ресурстары арқылы жасалған.
Алайда тікелей эфир арқылы тауар сату бойынша жеке статистика әзірге жүргізілмейді.
Тікелей эфирдегі сауда электронды саудаға жата ма?
Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасында электронды сауда цифрлық технологиялар арқылы тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет ретінде айқындалған.
Ал әлеуметтік желілер арқылы тауар, жұмыс немесе қызмет сатқан кезде сатушы заң талаптарын және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы сақтауы тиіс.
Атап айтқанда, әлеуметтік желі арқылы тауар сатқан кезде интернет-ресурсқа сілтеме орналастырылуы керек. Онда тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері, сатушының атауы, заңды мекенжайы және Қазақстандағы ұялы байланыс операторында тіркелген абоненттік нөмірі туралы ақпарат болуы тиіс.
Интернет-ресурстар арқылы тауар сатқан кезде СТ РК 3672 «Интернет желісін пайдалана отырып, тауарларды қашықтан сату кезіндегі адал тәжірибеге қойылатын талаптар» стандартының талаптарын басшылыққа алу қажет.
Бұған қоса, интернет-ресурстар арқылы сатылатын пайдаланылған тауарларға да Ішкі сауда қағидаларында көзделген талаптар қолданылады.
Сатушының электронды коммерция мақсатында пайдаланатын интернет-ресурстары арқылы тауар өткізуі үшін, өзі өндірген тауарларды қоспағанда, оның тауарға меншік құқығын растайтын құжаттары болуы қажет.
Тұтынушының құқығы қалай қорғалады?
Тікелей эфир арқылы әлеуметтік желілерде тауар сататын кәсіпкер Қазақстанның тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жалпы талаптарын сақтауға міндетті.
Заңға сәйкес, электронды коммерциядағы тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау сауданың басқа түрлерінде берілетін қорғау деңгейінен төмен болмауы тиіс.
Сатушы тауарды сатқан кезде сатып алу фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу кезінде жасалған шартты беруге міндетті.
Тауарды айырбастау және қайтару шарттары, сондай-ақ сапасы тиісті деңгейде емес тауарларға қатысты талаптар заңның тиісті баптарымен реттеледі.
Кепілдік мерзімі белгіленген тауарларға қатысты сатушы кепілдік міндеттемелерін де орындауы тиіс.
Ал бақылау-касса машиналарын қолдану және фискалдық чектерді рәсімдеу мен беру талаптары салық заңнамасымен реттеледі.
Жеті айда электронды саудаға қатысты 4 мыңнан астам шағым түскен
Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың жеті айында электронды сауда саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты «Электронды өтініштер» ақпараттық жүйесі арқылы 4 135 өтініш түскен.
Алайда олардың ішінде тікелей әлеуметтік желідегі эфир арқылы тауар сатуға қатысты өтініштер жеке санат ретінде бөлінбейді.
Тікелей эфир арқылы саудаға арнайы мемлекеттік қолдау жоқ
Қазақстанда ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Олар Сауда және интеграция министрінің 2024 жылғы 21 маусымдағы №262-НҚ бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл шаралар сауда орталықтарын, сауда базарларын, заманауи форматтағы сауда объектілерін және сауда саласындағы көпфункционалды кешендерді салу, кеңейту, реконструкциялау және жаңғыртуға байланысты жобаларды қамтиды.
Ал әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы тауар сатуға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама немесе жеке қолдау шарасы әзірге қарастырылмаған.
Министрлік мұндай эфирлерді тауарларды ілгерілету мен сатудың заманауи тәсілдерінің бірі ретінде бағалайды. Оны ішкі сауда субъектілері электронды сауда мен маркетингтің басқа құралдарымен қатар пайдалана алады.
Тікелей эфир арқылы сауда қалай жасалады?
Стример Ботагөз Үйбагарованың айтуынша, онлайн саудада бір адамның нәтижесі офлайн саудадағы бірнеше қызметкердің көрсеткішіне тең болуы мүмкін.
Оның пікірінше, бір сағаттың ішінде жоғары сатылымға жету үшін ең алдымен дұрыс тауар мен сұранысы бар бағытты таңдау қажет.
Бізде стрим арқылы сауда өте жақсы дамып жатыр. Мысалы, офлайнда бір қадам жасасаңыз, онлайнда 10 қадам жасайсыз. Яғни бір сағаттың ішінде-ақ жақсы сауда жасауға болады. Бірақ ол үшін ұстанған бағытың өте дұрыс болуы керек. Сататын дүние халыққа тиімді болуы қажет. Адамдар өзіне пайдалы тауарды таңдайды. Сондықтан сатып алу тактикасы болуы керек, – дейді Ботагөз Үйбагарова.
Стример бұл саланы арнайы оқу орнында немесе кәсіби курста үйренбеген. Өз тәжірибесін басқа стримерлердің жұмысын бақылау және олардың тәсілдерін талдау арқылы қалыптастырған.
Ол қытайлық стримерлердің тәжірибесін де зерттеген. Сонымен қатар Дина есімді қазақ қызының косметика саласындағы сатылымдарын бақылап, тауарды аудиторияға ұсынудың түрлі тәсілдерін зерттеген.
Барлық тауар бірдей өте бермейді
Ботагөз Үйбагарованың айтуынша, интернеттегі барлық тауар бірдей өтімді бола бермейді. Сондықтан өнімнің өзін ғана емес, оны аудиторияға қалай ұсынатынын да ескеру қажет.
Онлайнда өтпейтін тауарлар да бар. Бәрі керемет болып кетеді деп айта алмаймын. Бірақ сол тауарды қызықтырып, халыққа әдемі етіп жеткізген кезде сауданы шарықтау шегіне жеткізуге болады, – дейді ол.
Стримердің айтуынша, жоғары сатылымға тауардың өзі ғана емес, оны ұсыну формасы, аудиториямен байланыс, эмоция және стримердің энергиясы әсер етеді.
Негізі, тауар емес, адамда энергия сатылады. Эмоция сатылады. Эмоцияны қалай бересің, халық сенен соны сатып алады, – дейді Ботагөз Үйбагарова.
1,5 сағатта 2 млн теңгеден астам сатылым
Ботагөз Үйбагарова стримдегі ең жоғары көрсеткіші бір сағат 30 минуттың ішінде 2 млн 87 мың теңге болғанын айтты. Ол бұл көрсеткішке бет сүртетін сүлгі сату арқылы жеткен.
Жоғары сатылымға тек эфир жүргізушісінің еңбегімен жету қиын. Ботагөз Үйбагарованың айтуынша, стримердің артында тапсырысты қабылдау, клиентпен байланысу және сату процесін жүргізу сияқты жұмыстарды атқаратын команда болады.
Оның айтуынша, эфирге алдын ала дайындықсыз шығу дұрыс емес. Сауда нәтижесі дайындық пен жоспарға тікелей байланысты.
Біз өзіміз дайындықпен шығамыз. Бұл өте маңызды. Сен дайындықсыз шықсаң, сол жерде өзіңді ұстап тұра алмай қалуың мүмкін. Біздің аудиториямызда нақты нәтиже алғысы келетін адамдар отырады. Сондықтан тауарды дұрыс түсіндіру, сапасын көрсету және халықпен дұрыс жұмыс жасау маңызды, – дейді ол.
Ботагөз Үйбагарова TikTok-ты тек уақыт өткізуге арналған платформа ретінде қарамау керектігін айтты.
Үлкен держава, мысалы, Қытайдың өзі қазір бір помаданың өзінен миллиардтаған сатылым жасайды. Бір тауардан-ақ. Неге бізге, қазақтарға, олай жасамасқа? Мүмкіндік бізде өте көп, – дейді стример.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіні дұрыс пайдалана алған адам өзінің уақытын да, аудиториясын да табыс көзіне айналдыра алады.
«Бір күнде бір адамның бір айлық көрсеткішін жасауға болады»
Ботагөз Үйбагарованың айтуынша, дұрыс дайындық пен стратегия болған жағдайда бір күндік эфирдің өзінде айлық сатылымға тең нәтиже көрсетуге болады.
Негізі, бір күнде бір адамның айлық көрсеткішін табуға болады, – дейді ол.
Оның пікірінше, стрим арқылы сауда жасау – жай ғана камера алдына отырып, тауарды таныстыру емес. Мұнда тауарды таңдау, аудиторияны түсіну, дұрыс коммуникация орнату, эмоция беру, командамен жұмыс істеу және сатылым тактикасын алдын ала жоспарлау маңызды.
Ең оқылған:
- Күнде ірі жарылыс тіркелді
- Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады
- Ескерткіштер ұлттық бірегейлік пен ортақ құндылықтарды дәріптеуі керек – Ерлан Қарин
- Алматыда жылу жүйелерін тексеру басталды: Тұрғындарға қауіпсіздік шаралары туралы ескерілді
- 6 қыркүйекке арналған валюта бағамы жарияланды