15 күнде қанша адам санақтан өткені белгілі болды

15 Қыркүйек 2021, 12:24
6015
Бөлісу:
15 күнде қанша адам санақтан өткені белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков санақ басталғалы оған қанша адам қатысқанын мәлімдеді.

Елімізде 1 қыркүйектен бастап халық санағы жүріп жатыр. 15 күн ішінде 269 мың Алматы тұрғыны онлайн санақтан өтті, бұл тұрғындардың 13,4%-ын құрап отыр. Республика бойынша 2,9 млн халық онлайн режимде санақтан өткен, бұл ел тұрғындарының 15%-ы, - деді ол.

Әбілдабековтің айтуынша, санақтан бірнеше әдіс арқылы өтуге болады. 

Ол sanaq.gov.kz сайтында немесе Egov.kz сайтына кіріп, сол жерден сілтемені басу арқылы біздің сайтқа өтуге болады. Сондай-ақ тұрғындар Аіtu мобилді қосымшасы арқылы санақтан өте алады. Электронды режимде өткісі келмеген адамдар қазан айында сұхбатшылар арқылы өтеді немесе нұсқаушы учаскеге барып өте алады. Оның үстіне қалада 146 санақ нүктесі ашылды, сол жерден де санақтан өтуге болады, - дейді Айдар Әбілдабеков. 

Санақтан өтетіндер: ол Қазақстанда тұратын азаматтар немесе шетелге уақытша кеткендер. Сондай-ақ елімізге уақытша келген шетел азаматтары да санақтан өтуге тиіс екен.

Департамент басшысы, сонымен қатар, ол санақ сауалында сұрақтар неге көп деген сұраққа жауап берді.

Халық санағында берілетін сауалдар саны - 91. Оның 22-сі қосымша анықтауыш сұрақтар, ал нақты сұрақ - 69. Ол жерде мекен жайға, ұлтына, дініне қатысты сұрақтар да бар. Қазір Алматыда 2 млн-дай халық тұрады деп айтылады, алайда қала маңындағы 60-70 шақырымды жердегі елді мекендерден жұмыс істеуге келетіндер өте көп. Олардың санын анықтау үшін санақта қосымша сұрақтар енгізілді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы