13 жыл еңбек өтілі "жоғалған" кәсіпкерлер мәселесіне министр жауап берді

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев 1998-2011 жылдары міндетті зейнетақы жарналарын тоқсан сайын төлеген кәсіпкерлердің еңбек өтілін қайта есептеу мәселесін көтерген болатын. Еңбек министрлігі қолданыстағы тәртіптің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Бүгiн 2026, 17:38
АВТОР
 depositphotos.com Бүгiн 2026, 17:38
Бүгiн 2026, 17:38
270
Фото: depositphotos.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Мәжіліс депутаты Серік Ерубаевтың 1998-2011 жылдар аралығында кәсіпкерлер аударған міндетті зейнетақы жарналарын қайта есептеу мәселесіне қатысты депутаттық сауалына жауап берді.

Министрдің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік базалық зейнетақыны есептеу кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер ескеріледі.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жеке кәсіпкер тиісті салық кезеңі үшін белгіленген жылдық көлемнен кем емес мөлшерде міндетті зейнетақы жарнасын төлесе, бұл кезең толық күнтізбелік жыл ретінде есепке алынады. Ал төленген жарна мөлшері белгіленген сомадан аз болған жағдайда еңбек өтілі төленген жарна көлеміне пропорционалды түрде анықталады.

Осылайша, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі міндетті зейнетақы жарналарының толықтығы мен көлеміне қарай есепке алынады, – делінген министрдің жауабында.

Министрлік 1998 жылдан 2006 жылғы шілдеге дейінгі кезеңде жеке кәсіпкерлер үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеудің өзіндік ерекшеліктері болғанын атап өтті. Ал 2006 жылғы 1 шілдеден кейін аударылған жарналар нақты төленген айдың алдындағы ай үшін есепке алынатынын түсіндірді.

Сонымен қатар заңнамада қате аударылған міндетті зейнетақы жарналарын қайтару және оларды тиісті кезеңдер бойынша қайта аудару тетігі қарастырылған.

Осыған байланысты министрлік 1998-2011 жылдары шағын кәсіпкерлік субъектілерінің еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңдерін есептеу мәселесі қолданыстағы заңнамамен толық реттелгенін мәлімдеді.

Алайда ведомство аталған кезеңде міндетті зейнетақы жарналарын әртүрлі мерзімде төлеген кәсіпкерлердің нақты саны туралы мәлімет жоқ екенін хабарлады. Себебі мұндай ақпаратты жинау мен әкімшілендіру басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады.

Депутат қандай мәселе көтерді?

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев 1998-2011 жылдары арнаулы салық режимімен жұмыс істеген көптеген жеке кәсіпкерлер міндетті зейнетақы жарналарын сол кездегі заңнамаға сәйкес тоқсан сайын төлегенін айтқан болатын.

Алайда қазіргі кезде еңбек өтілі ай сайынғы қағидатпен есептелетіндіктен, кезінде тоқсан сайын аударылған жарналардың бір бөлігі толық көлемде еңбек өтілі ретінде танылмай отыр деген мәселе көтерілді.

Депутаттың сөзінше, осыған байланысты кейбір азаматтардың ондаған жылдық еңбек өтілі толық есептелмей, зейнетақы көлемі азайған.

Мысал ретінде ол 30 жыл жұмыс істеп, барлық міндетті төлемдерді уақытылы аударған азаматтың еңбек өтілінің тек 14 жылы ғана есепке алынған жағдайын келтірді.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы:

  • 1998-2011 жылдары тоқсан сайын зейнетақы жарнасын төлеген азаматтардың нақты санын анықтауды;
  • төленген жарналарды ай сайынғы форматқа баламалы түрде қайта есептеу мүмкіндігін қарастыруды;
  • кәсіпкерлердің зейнетақы құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеуді ұсынған болатын.

Алайда министрлік жауабында бұл мәселелер қолданыстағы заңнамамен реттелгенін және еңбек өтілі төленген жарналардың көлеміне қарай есептелетінін мәлімдеді.

Наверх