1200-ге жуық павлодарлық құтырмаға қарсы екпе алды

10 Қазан 2024, 13:27
329
Бөлісу:
1200-ге жуық павлодарлық құтырмаға қарсы екпе алды
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ архив

Павлодар облысында жарақаттар бөлімдерінің көмегіне ит пен мысық тістеген 1713 адам жүгініп, олардың 1200-ге жуығы құтырмаға қарсы екпе алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, қауіпті аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Осы күнге дейін зертханалық жағдайда құтырма жұқтыру деректері тіркелген жоқ. Дәрігерлердің көмегіне жүгінгендердің басым бөлігі, яғни 1146 тұрғын иттердің тістеуінен зардап шекті. Адамдарға шабуыл жасаған төрт аяқтылардың 500-ге жуығы қаңғыбас ит болып шықты. Мысық, ірі қара мал, түлкі, қарсақ, жылқылардың адам тістеу деректері де тіркелді. Дәрігерлердің қарауына келгендердің барлығына антирабиялық көмек көрсетіліп, вакцина салу тағайындалды, - дейді Зәмзәгүл Дощанова.

Мамандардың айтуынша, биыл жануарлардан зардап шегіп, ем-дом шаралары тағайындалға науқастардың саны 6,6%-ға азайды.

Құтырманың алдын алу үшін жараның орнын сабын ерітіндісімен тазартып, жарақаттар бөліміне бару керек. Кейін дәрігердің шешімімен иммундау шарасы тағайындалады. Екпе алуды өздігінше тоқтатуға болмайды. Алайда жануар тістеген сәттен бастап он күн ішінде пациенттің жағдайы жақсы болса, вакциналауды тоқтатуға болады. Өңірде қолданыстағы вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатына ие. Препарат адам ағзасына қауіпті емес және тұрақты иммунитет қалыптастырады, - дейді дәрігерлер.

Айта кетейік, аймақта сібір жарасына қарсы вакциналау жоспарлы түрді қолға алынды. Нақтырақ айтқанда, ветеринариялық қызметтегі және ет сатумен айналысатын 334 азамат екпе алды. Қауіпті дертке қатысты жағдай тұрақты.

Өзгелердің жаңалығы