Қазақстанның соңғы жаңалықтары

11 жасар қыз тоқ соғып қаза тапты

24 Маусым 2025, 12:57
1497
Бөлісу:
 видеодан кадр
Фото: видеодан кадр

Ташкенттің Мирабад ауданында 11 жастағы қыз металл баспалдақпен шатырдан түсу кезінде тоқ соғып, көз жұмды. Еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі gazeta.uz басылымына сілтеме жасап.

23 маусым күні әлеуметтік желілерде 11 жастағы қыздың тоқ соғып қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Ташкент қалалық ІІБ бұл қайғылы жағдайды растады. Оқиға 30 мамыр күні шамамен сағат 18:00-де Мирабад ауданында болған.

Қыздың анасы блогер Ислам Капарзоға берген видеосында бәрі тұрғындардың аулаға шлагбаум орнатуға шешім қабылдауынан басталғанын айтты. Жөндеу жұмыстары кезінде ашық сымдар қалдырылған. Балалар алаңының қасында металл баспалдақ болған. Қыз сол баспалдақпен дүкеннің шатырына шығып, сонда қалып қойған ойыншығын алмақ болған.

Металл баспалдақпен қайта түсіп келе жатқанда, ол жанында тұрған электр сымына тиіп кетіп, тоқ соғып, оқиға орнында жан тапсырды, – делінген Ташкент қалалық ІІБ мәлімдемесінде.

Қайтыс болған қыздың анасы бір ай өтсе де, кімнің кінәлі екені туралы ақпарат ала алмағанын айтты. Бұған қоса, балалар алаңы маңында әлі де ашық сымдар бар. Бұл мәселе тұрғындар арасында талқыланғанымен, шешім қабылданбаған.

Қыздың өліміне байланысты Мирабад аудандық ІІБ жанындағы тергеу бөлімі Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 257-бабы 2-бөлігінің "а" тармағы бойынша (Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соғу) қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін де осындай қайғылы жағдайлар болғанын жазған едік. Орал қаласында тоқ соққан 9 жасар бала қаза тапты. Ол футбол ойнап жүрген добы шатырға тұрып қалып, соны алуға шатырға шыққан. Допты алған соң қайта төмен түсіп жатқанда тоқ сымын ұстап қалып, салдарынан ауруханаға жедел жеткізіліп, сонда көз жұмған болатын.

Сондай-ақ тоқ соққан қала басшысы қайтыс болған еді

Өзгелердің жаңалығы