11 өңірде мәслихат депутаттарын сайлау қайта өтеді

29 Қыркүйек 2023, 22:30
919
Бөлісу:
11 өңірде мәслихат депутаттарын сайлау қайта өтеді
Фото: Арман Мухатов

Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына өтетін сайлауға кандидаттарды ұсыну аяқталды. Бұл туралы BAQ.KZ Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап хабарлайды.

Сайлау 29 қазан күні өңірлердегі 21 сайлау округінде өтеді.

Жаңа депутаттар 11 өңірде сайланады – Абай, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында.

Барлығы 109 кандидат ұсынылды. Оның 28-і – саяси партиялардан, 81-і өзін-өзі ұсынғандар.

Ұсынылған кандидаттар ішінде 93 (85,32 %) – ер адам, 16 (14,68 %) – әйел адам.

66 кандидат саяси партиялардың мүшесі болып табылады, 21-і – партия қатарында жоқ, 22-сі партияға тиесілігін көрсетпеген.

Орташа жас – 42,21 жас. Ұсынылған кандидаттар арасында 5 этнос өкілдері бар.

94 (86,2%) кандидаттың – жоғары білімі, 12-нің (11%) – орта кәсіптік білімі және үшеуінің (2,8%) орта білімі бар.

Кандидаттардың еңбек етуі туралы деректер:

27,52% мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда;

43,12% коммерциялық құрылымдарда;

8,26% саяси партиялар мен ҮЕҰ қызметкерлері;

2,7% уақытша жұмыс істемейтіндер;

1,83% зейнеткерлер;

16,51% жұмыспен қамтудың өзге топтарының өкілдері.

Қазіргі уақытта мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттарды тіркеу жалғасып жатыр. 2023 жылғы 28 қыркүйектегі жағдай бойынша округтік сайлау комиссиялары 44 кандидатты тіркеді.

Тіркеудің аяқталу мерзімі – биылғы 3 қазан, сағат 18.00-де.

Тіркеу аяқталған сәттен бастап кандидаттар сайлау алдындағы үгітке кіріседі, ол 28 қазан, сағат 00.00-ге дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы