Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай миллион теңге еншілеген тараздық майдангердің бірі – Әшірбек Сәрсенбиев, ол қазір 100 жаста. Ол әйтсе де қарттықты мойындай қоймаған, ел ішіндегі елеулі оқиғалардан хабардар, мерзімді басылымдарды қалт жібермейді, теледидар көреді.
Ерлігі елімізде ғана емес, Ресей, Белоруссия мен Литва мемлекеттерінде ерекше қадірленіп келе жатқан Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың туған жері – Жамбыл облысының Байзақ ауданы Қарасу ауылынан соғыс даласына аттанған боздақтардың 57-сі сол қанды майданнан қайтпаған екен. Ал жеңіспен елге оралғандардың ішінде қазірде арамызда аман-сау жүргені тек осы Әшірбек ата.
Бала кезімізде біздер, бір ауылдың түгелге тарта балалары ерекше алғыр, айтқан бетінен қайтпайтын өжет Ақәділге еліктеп өстік. Содан да болар, жасымыз жеткендеріміз тегіс соғысқа сұрандық, көпшілігіміз батысты бетке алып кеттік те. Өкініштісі сол, ел қорғауға аттанғандарымыздан санаулымыз ғана оралдық елге, - дейді Әшірбек ақсақал.
Ауылдасы, биыл туғанына 100 жыл толатын Ақәділ Суханбаевпен түйдей құрдас қарт жауынгер жасы 18-ге толар-толмаста-ақ – 1942 жылы сұр шинель киіп, сапқа тұрыпты. Алдымен Өзбекстанның Ферғана қаласындағы кіші командирлер даярлайтын училищеде оқу-жаттығудан өтеді.
1943 жылдың күз айлары болатын, бізді 246-шы атқыштар полкінің құрамына апарып қосты. Алғашқы ұрысымыз Запорожье қаласын азат етумен басталды. Кескілескен қырғында ауыр жараланып қалдым. Қайта, бағыма қарай Уфа қаласында орналасқан әскери госпитальға дер кезінде жекізіліп, емделдім, қатарға қайта қосылдым, - деген майдангер қария содан соң Нарва, Эстонияның Таллин қалаларын дұшпан аяғынан босатуға күш салғандарын жеткізді.
Әшірбек Сәрсенбиев 283-механикаландырылған дивизия құрамында Саарема аралын азат етуге, немістің Франкфурд қаласындағы шайқасқа қатысқан. 1945 жылдың шамасында ғой, Одер, Шпрее өзендері арқылы Берлинге басып кіргендер қатарында болған. Соғыстан кейін Германияның астанасында 2 жыл қатарынан 496-артиллерия құрамында қызмет етіпті.
Жеңістің қуанышты хабарын Берлинде естіп, сонда тойладық. Елге 1947 жылы күзде ғана оралдым. Содан соң колхоз шаруашылығын көтеруге бел шеше кірісіп кеттік, уақыттың талабы сол еді ғой. Ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет еттім. Төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірдім. Олардан бүгінде немере-шөбере сүйіп, шөпшектің де қолынан май жеп отырған жайым бар, - деп ағынан жарылды ақсақал.
Әшірбек қария қазіргі бейбіт те тәуелсіз еліміздің әрбір жетістіктерінен, саяси-қоғамдық ірі-ірі оқиғалардан хабардар екен. Себебі, бір мезгіл газет-журнал оқиды, теледидардан жаңалықтар тыңдайды.
Майдангер I дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Берлинді алғаны үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Маршал Жуков", бірнеше мерейтойлық медальмен марапатталған.
Мен мұндай ақшалай сыйды теледидардан Нұр-Сұлтан қаласында беріп жатқанын көрдім. Алайда, ол елорда болған соң сөйтіп жатқан шығар деп ойлап қойғанмын. Сөйтсем, әкеме де дәл сондай көлемде тарту жасалды. Мұнша ақша берілмесе де, билік тарапынан жасалып жатқан құрметтеріне онсыз да алғысымыз шексіз еді. Өйткені әкемнің үнемі хал-жағдайын сұрап-біліп тұрады, мерекелерде ескерусіз қалдырмайды. Енді еріктілер келіп үй-жайымызға қолғабыс көрсетеді деп жатыр. Кейінгі ұрпақтарының осындай ізетінен әкемнің ғана емес, барлық қарт майдангердің мерейі өсіп, бір марқайып қалады. Сондықтан осыны ұйымдастырған жауапты тұлғаларға ризашылығымызды жеткізгіміз келеді. Алла қаласа, мына бір індеттен еліміз аман шығып, бейбіт елде тәуелсіздігіміз баянды бола берсін!, - деді майдангердің қызы Айсұлу.