Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» конференция өтіп жатыр.
Жиын барысында аталған жобаның екінші кезеңінде аударылған 30 оқулық көпшілікке таныстырылды.
Конференцияның ашылуында ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мутанов құттықтау сөз сөйлеп, қазақ тіліне аударылған кітаптарға тоқталып өтті.
«Жаһандық бәсекелестікке бейімделген мамандар дайындауда үлкен маңызға ие «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жедел жобасының нәтижелері де жоғары баға алып жатыр. Өткен жылы біз 18 жаңа оқулықты оқу үдерісіне енгізсек, бүгін міне университеттегі білім базасы әлемдік білім беру деңгейіне көтеруге бейім 30 жаңа оқулықтың тұсауын кесіп отырмыз. Барлықтарыңызға құтты болсын айтқым келеді», - деді ректор.
Сонымен қатар ол, бұл жобалардың елімізде үлкен сұранысқа ие екенін айтып өтті.
«Соңғы екі жылда бұл жобалардың үлкен сұранысқа ие екеніне тағыда көз жеткіздік. Жаңа жобаның арқасында қазіргі әлемде жүріп жатқан әлеуметтік үдерістерді түсіндіретін жаңа теориялар мен ұғымдар ғылыми білімдік айналымға енгізілді. Алғашқы аударылған 18 оқулықтың практикалық тәжірибесі бұл контент білімгерлерінің ой-өрістерін өзгертетін және кеңейтетін, оларды озық үлгідегі жаңа білімге жетелейді», - деді ол.
Жиын барысында ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған ғылыми жобаларға тоқталып өтті.
«Екі жылдың ішінде 90-нан аса экспедиция, 2 мыңға жуық түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ бағдарламаның барлық бағыттары бойынша ғылыми жобалар жасалуда. Осы уақытқа дейін 7 мыңнан астам ғылыми мақала жарияланды, 17 ғылыми жоба жүзеге асырылды», - деді Аида Балаева.
Конференцияға кітаптарды аударып, редакциялауға ат салысқан ғалымдар, аудармашылар мен редакторлар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының өкілдері қатысып отыр.
Сондай-ақ ол, жаңадан аударылған 30 оқулық жайында айтып өтті.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында алғашқы 18 оқулық былтыр әзірленген. Қазір олар оқу бағдарламасына енгізілді. Студенттер бұл оқулықтарды терең зерделеп, меңгеру үшін ашық университет базасына 100-ден астам бейнедәріс орналастырылды. Биыл тағыда 30 оқулық аударылып, баспаға дайындалды. Осылайша, жаңа оқу жылынан бастап, сіздер гуманитарлық сала бойынша дүниедегі ең таңдаулы оқулықтардың иесі боласыздар», - деді ол.