Қала күні қарсаңында Нұр-Сұлтанның 100 тұрғынына пәтер сертификаты берілді

5 Шілде 2019, 21:16
2414
Бөлісу:
Қала күні қарсаңында Нұр-Сұлтанның 100 тұрғынына пәтер сертификаты берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімдігі аталған жоба үшін бюджеттен арнайы 100 млн теңге қаражат бөлді. 1 млн теңге сомасындағы тұрғын үй сертификатын 100 адам алды.

Олардың арасында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, білім беру басқармасы мен полиция департаменті қызметкерлері бар. Қаражат «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы арқылы пәтер сатып алу үшін бастапқы жарна ретінде қолданылады.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тұрғын үй сертификаттарын беріп, сол арқылы тұрғындар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыру жұмыстарын өткен жылы бастаған болатын. 2019 жылы 1 млн.теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті 242 адам алды, олардың 113-і өз сертификаттарын активтендіріп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тіимді шарттар бойынша өз баспаналарына қол жеткізді», - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма Төрайымының орынбасары Әлия Айдарбекова.

Оның айтуынша, бюджеттік қызметкерлердің өз баспанасын алуы олардың болашаққа деген сенімділігін арттырумен қатар, білім беру, денсаулық сақтау және құқықтық тәртіпті қорғау саласындағы қалалық қызметтің жоғары кәсіби мамандарының корпусын құруға мүмкіндік береді.

Осы жылы Нұр-Сұлтан қаласында жалпы саны 1500 тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарлануда.

Тұрғын үй сертификаттарынан үміткерлер тізімін Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасы, білім беру басқармасы мен ішкі істер департаменті әзірлейді. Сертификатты алушыларды іріктеу баллдық жүйе бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, үміткерлерден Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атанып, шоттарында жинақ ақшасының болуы талап етілетін болады.

Іріктеліп алынған үміткерлер тізімі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне төлем қабілеттілігін растау үшін жіберіледі. Осыдан кейін үміткерлердің ақтық тізімі әзірленіп, қаражат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарға аударылады. Бұдан соң әлеуметтік көмек иегеріне үй таңдап, оның иесі атануға үш ай уақыт беріледі.

Өзгелердің жаңалығы