100 оқулық: Студенттер қазақ тіліне аударылған кітаптарды онлайн оқи алады

22 Қыркүйек 2021, 12:55
5146
Бөлісу:
100 оқулық: Студенттер қазақ тіліне аударылған кітаптарды онлайн оқи алады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифинг кезінде «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы айтты.

2017 жылы Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» ауқымды бағдарламасы қолға алынды. Оның 6 арнайы жобасы бар. Оның бірі - «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы. Оның мақсаты – дүниежүзіндегі ең танымал, беделді оқу орындарында қолданылатын әлемдік авторлардың оқулықтарын қазақ тіліне аударып, оны елдің оқу орындарына жеткізу. Бұл бағдарлама гуманитарлық білім бағыттарына арналып отыр, - деді ол.

100 оқулық: Студенттер қазақ тіліне аударылған кітаптарды онлайн оқи алады

Айтуынша, 2017 жылдан 2021 жылдың аяғына дейін 100 оқулық толығымен аударылды. Оның әрқайсысы 10 мың данамен басылып, елдің ЖОО-ларына, соның ішінде жекеменшік университеттердің кітапханаларына жеткізілді.

Аталған оқулықтардың мәтінінің электрон нұсқалары Қазақстанның ашық кітапханасы деп аталатын openu.kz және 100kitap.kz сайттарында орналастырылған. Сол себепті кітаптарды оқығысы келетін студенттерге, оқулықтар негізінде сабақты ұйымдастыратын оқытушыларға барлық жағдай жасалған, - деп түсіндірді Рауан Кенжеханұлы.
100 оқулық: Студенттер қазақ тіліне аударылған кітаптарды онлайн оқи алады

Сонымен қатар оқулықтар негізінде қашықтан оқытуға арналған онлайн курстар да дайындалды. Атап айтқанда, әр оқулық бойынша видео лекциялар дайындалды. Жалпы айтқанда 200 курс және 5 000-нан аса видео лекция жасалды.

Бұл материалдар пандемия кезінде қашықтан оқыған студенттер мен оқу орындарына көмекші құрал бола алды. Былтырғы оқу жылында онлайн кітапханадағы оқулықтарды студенттер 2 млн рет ашып, қолданған. Ал платформаға 100 мыңнан аса қолданушы тіркелген, - деп айтты Рауан Кенжеханұлы брифингте.

Еске сала кетейік, бүгін Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.



Өзгелердің жаңалығы