Қазақстанға келген Қытай мен Орталық Азия елдерінің журналистері бірнеше өңірді аралап, елдің даму қарқынымен, мәдениетімен және туризм әлеуетімен танысты. Солардың бірі — Қытайдың танымал “Жэньминь жибао” газетінің тілшісі Се Яхун. Ол BAQ.KZ тілшісіне осы сапардан алған әсерлерін бөлісіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық, медиасаладағы ынтымақтастық, туризм мен білім беру салаларындағы болашақ жоспарлар туралы өз ойын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан соңғы жылдары қатты өзгеріп, көптеген жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан.
— Орталық Азия мен Қытай журналистері Қазақстанның бірнеше қаласы мен өңірлерін аралады. Бұл сапардың мақсаты қандай еді?
Бұл баспасөз турын “Жэньминь жибао” ұйымдастырды. Басты мақсат – екіжақты ынтымақтастықты нығайту. Өздеріңіз білетіндей, алдағы уақытта Астанада Орталық Азия – Қытай екінші форумы өтеді. Бұл – өте маңызды әрі ауқымды оқиға. Осыған байланысты біздің тараптар арасындағы байланыс одан әрі күшейтілуі тиіс деп есептейміз.
Сондықтан да БАҚ саласындағы ынтымақтастық – аса маңызды бағыттардың бірі. Біз бұл баспасөз турын ұйымдастыру арқылы журналистердің түрлі салалардағы серіктестікті тереңірек түсінуіне және өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасағымыз келді.
— Осы сапар барысында межеленген мақсаттарға қол жеткізілді деп ойлайсыз ба?
— Иә, толықтай жеттік деп ойлаймын. Бұл турға барлық Орталық Азия елдері мен Қытайдан келген әріптестер қатысты. Біз өзара жақсы байланыс орнаттық. Мысалы, кеше Түрікменстаннан келген әріптестеріміз кеткенде бәріміз біртүрлі толқып, қимастық сезімде болдық. Бұл — жақсы бастаманың белгісі.

— Соңғы жылдары Қазақстанда бірнеше медиа-тур өтті. Мұндай шараларды басқа Орталық Азия елдерінде де ұйымдастыру жоспарда бар ма?
— Мен өзім ұйымдастырушы емеспін, бірақ мұндай жоспарлар болатынына сенімдімін. Мәселен, Юньнань провинциясында өтетін медиафорум — соның дәлелі. Бұл “Бір белдеу, бір жол” аясындағы ақпараттық әріптестіктің жалғасы. Сол форумда да Орталық Азия елдерінің журналистері белсенді қатысады деп ойлаймын.
— Сіз бұрын Қазақстанда жұмыс істегеніңізді айттыңыз. Шамамен 10 жылға жуық уақыт өтті. Сіздің ойыңызша, сол кезеңдегі Қазақстан мен қазіргі Қазақстанның арасында қандай да бір айырмашылық бар ма? Ел қалай дамып жатыр екен? Өзгерістер бар ма?
— Өте үлкен өзгерістер болған. Мен 2015-2017 жылдар аралығында Алматыда жұмыс істедім, бірақ Астанаға және басқа да өңірлерге іссапармен жиі барып тұрдым. Мысалы, осы жолы біз Алматыдағы Шымбұлақта болдық. Қазір онда көптеген қытайлық турист бар. Сіз де байқаған шығарсыз? Ал он жыл бұрын мұндай көп емес еді. Қазір визасыз режим енгізілгендіктен, қытайлық туристер Қазақстанға оңай келіп, елдің сұлулығын өз көздерімен көріп жүр.
Сондай-ақ осы жолы Астанада болдым. Жаңа биік ғимараттар көптеп салыныпты. Сонымен қатар қытайлық компаниялар да мұнда кеңселерін ашып жатыр. Тағы бір қызықты жайт — 9 маусымда біз Бейжің тіл және мәдениет университетінің Астанадағы филиалына бардық. Бұл оқу орны былтыр ғана ашылғанымен, бүгінде онда көптеген студент білім алып жатыр.
Меніңше, бұл – екі ел арасындағы серіктестіктің өте қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Алдағы жылдары бұның жемісті нәтижелері де болатынына сенемін. Себебі біз бірқатар жоспар жасап қойдық, енді оларды біртіндеп жүзеге асыру ғана қалды.
— Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық көптеген саланы қамтып отыр. Сіздің ойыңызша, қандай бағыттарда байланыс нығайып жатыр? Болашақта қандай жобалар жүзеге асуы мүмкін?
— Иә, қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық түрлі салада қарқынды дамып келеді. Энергетика, медицина, білім беру сияқты бағыттарда нақты жобалар жүзеге асып жатыр. Дегенмен, бұл – тек бастамасы ғана. Әлі де үлкен мүмкіндіктер бар.
Меніңше, болашақта серіктестікті алдыңғы қатарлы технологиялар саласында күшейту керек. Қытайда бұл бағыт өте жылдам дамып жатыр. Мысалы, автомобиль өндірісі, жасанды интеллект, IT-технологиялар, бұлтты сервистер сынды салалар. Бұл Қазақстан үшін де өте маңызды бағыттар.
Мәселен, осы сапар барысында бізбен бірге жүрген Айбар есімді гид компьютерлік бағдарламалармен айналысады екен. Ол жасанды интеллектті пайдаланып, кәсіпкерлерге өз өнімдерін тиімді жарнамалауға көмектесетін бірегей бағдарлама жасап жатыр. Ол қазір әлем бойынша осы бағытта оқып жатқан санаулы адамдардың бірі. Болашақта бұл бағдарламаны Орталық Азия мен Қытай нарығында қолданбақшы. Бұл – екі ел арасындағы инновациялық серіктестіктің нақты мысалы.
Сонымен қатар білім беру саласында да мүмкіндіктер көп. Тек тіл үйретумен шектелмей, техникалық, шығармашылық, мәдениет салаларында да ынтымақтастықты дамыту қажет деп санаймын. Бұл – келешек үшін өте маңызды бағыт.
— Сіз бұған дейін туризм, соның ішінде ғарыш пен полигон аймақтары сияқты ерекше бағыттарда да ынтымақтастықты дамыту керектігін айттыңыз. Осы жөнінде ойыңызды бөліссеңіз.
— Қазақстанда шетелдік туристер үшін ерекше қызығушылық тудыратын көптеген бірегей орын бар. Мәселен, Байқоңыр ғарыш айлағы – әлемге танымал нысан. Сонымен қатар Семей ядролық сынақ полигоны да тарихи маңызға ие ерекше орын. Қытайлық туристердің мұндай жерлерге қызығушылығы жоғары. Олар мұндай орындарға барып, өз көздерімен көргісі келеді.
Бірақ, әрине, бұл бағытты дамыту үшін Қазақстан үкіметі тарапынан қолдау қажет. Инфрақұрылымды жетілдіру, көлік қатынасын жақсарту, визалық рәсімдерді жеңілдету сияқты шаралар маңызды. Мысалы, кеше біз Қайыңды көліне барған едік. Табиғаты керемет, алайда жолы нашарлау. Бұл туристер үшін қолайсыздық туғызады.
Сондықтан да егер осы бағыттарда нақты қадамдар жасалса, туризм ағыны әлдеқайда артып, екі ел арасындағы мәдени байланыс та нығая түсер еді. Бұл салада әлеует өте зор.
— Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы туризм инфрақұрылымын дамытуға қытайлық инвесторлар атсалыса ала ма?
— Менің ойымша, бұл әбден мүмкін. Мысалы, Қайыңдыға барар жерде жол нашар немесе инфрақұрылым жеткіліксіз болды. Егер Қазақстан үкіметі осы бағытта нақты жоспар құрып, Қытайдан инвестор тартуға мүдделі болса, онда бұл жобалар жүзеге асуы әбден ықтимал.
Инфрақұрылым – өте маңызды фактор. Егер жол нашар болса, туристер барғысы келмейді. Сол себепті жол қатынасы мен қолжетімділік – туризмнің дамуына тікелей әсер ететін шешуші элементтердің бірі.
— Бұл сапардан сізге ерекше әсер қалдырған жер немесе жоба болды ма?
— Иә, бұл жолы мен үшін ең есте қалған сәт – Шымбұлақта болғаным. Соңғы рет ол жерде 2017 жылы болдым. Содан бері 8 жыл өтіпті. Сол жерге қайта оралып, табиғаттың сұлулығын тағы бір мәрте көру ерекше әсер сыйлады.
Маған ұнаған тағы бір жайт – Шымбұлақта көптеген қытайлық туристің жүргені. Олар да бұл көркем жерден үлкен әсер алғаны байқалды. Сондықтан Қазақстан табиғатының сұлулығын қытайлықтар да көбірек танып, көріп жатқанына қуанамын.
.jpg)
— Қытайлықтар мен қазақтар бір-біріне ұқсай ма? Менталитет тұрғысынан қандай ортақ құндылықтар мен айырмашылықтар бар?
— Менің ойымша, қазақтар мен қытайлар арасында ұқсастықтар көп. Ең алдымен, екі халық та өте қонақжай, отбасы мен достық құндылықтарын жоғары бағалайды. Отбасыға қамқорлық жасау, ата-ананы сыйлау, жақындарды қадірлеу – бұл бізге ортақ дүниелер. Біз үшін бұл – өмірлік маңызы бар құндылықтар.
Тағы бір ортақ қасиет – бейбітшілікті сүю. Біз қандай да бір мәселені әрдайым бейбіт жолмен шешуге тырысамыз, мәмілеге келуге ұмтыламыз. Бұл – біздің ұлттық мінезіміздің негізі деуге болады.
Ал енді айырмашылықтарға келсек, бәлкім тамақтану мәдениетінде. Қазақтар етті көбірек ұнатады, ал қытайлықтар – көкөністерге көбірек мән береді.
.jpg)
— Қытайлық туристер мен бизнесмендер үшін Қазақстан несімен тартымды болуы мүмкін? Елімізде шетелдіктерді қызықтыру үшін қандай мүмкіндіктер бар?
— Қазақстан - шетелдік, соның ішінде қытайлық туристер мен кәсіпкерлер үшін өте үлкен қызығушылық тудыратын ел. Ең алдымен, елдің географиясы әртүрлі, кең-байтақ. Мұнда таулар да бар, теңіз де, шөл де, жазық дала да бар. Яғни, бір ғана елдің аумағында түрлі климатты сезініп, түрлі табиғи пейзаждарды көруге болады. Бұл – сирек кездесетін мүмкіндік.
Әсіресе, Каспий теңізі, таулар және жергілікті ұлттық тағамдар ерекше қызықтырады. Мысалы, ет, бауырсақ, қымыз сияқты дәстүрлі ас түрлері қытайлық туристерге ерекше әсер қалдырады. Мен олар осы дәмдерге ғашық болып қалатынына сенімдімін.

— Соңғы он күн ішінде Қазақстанның бірнеше өңірін араладық. Осы сапар барысында қандай аймақтарға ерекше көңіл бөлу керек деген ойға келдіңіз? Мысалы, Ақтауда болдық, Каспий теңізін көрдіңіздер. Туризм дамып келеді. Бірақ нені жетілдіру қажет деп ойлайсыз?
— Болашақта бірқатар маңызды бағытқа назар аудару қажет. Әсіресе, Каспий теңізінің маңындағы туризмді дамытуда экологиялық ахуалды жақсарту өте өзекті.
Мысалы, біз Қаражанбас кен орнындағы су тұшыту зауытында болдық. Бұл – өте маңызды әрі болашағы зор жоба. Осындай технологияларды Каспий теңізінің экологиясын жақсарту үшін де қолдануға болады деп ойлаймын. Егер теңіз жағасындағы су тазарту зауыттары іске қосылса, бұл аймақтың туристік тартымдылығын арттырып, экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етер еді.
— Қазақстанға алғаш рет барғалы жатқан қытайлық туристерге қандай бағыттарды ұсынар едіңіз? Қай жерлер міндетті түрде баруға тұрарлық?
— Ең алдымен, әрине, Алматыға бару керек. Бұл қала – керемет, тағамдары дәмді, шопинг пен демалыс орындары да мол.
Сондай-ақ Астана – елдің бас қаласы, оған да міндетті түрде бару керек. Мұнда Бәйтерек секілді символикалық нысандар, заманауи биік ғимараттар, ерекше сәулетпен салынған нысандар бар. Қала өте әсерлі әрі болашаққа қарай бағыт алғандай сезім береді.
Сонымен қатар, Каспий теңізін де ұсынар едім. Мысалы, Каспий – әлемдегі ең үлкен тұйық теңіз. Ондағы табиғат та ерекше. Бұл өңірлердің тұрғындарының мінезі де Астана мен Алматыға қарағанда өзгешелеу, сондықтан саяхатшылар жаңа әсер, ерекше атмосфера сезіне алады.
— Алда өтетін Қытайдағы Орталық Азия саммитінен не күтесіз? Қандай мәселелер күн тәртібіне шығарылуы мүмкін?
— Бұл саммит — Орталық Азия мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Екі жыл бұрын Сиань қаласында алғашқы саммит өткен болатын. Бұл – өте сәтті бастама болды. Қазір, арада екі жыл өткен соң, біз бұл форматтың нақты нәтижелерін көріп отырмыз.
Алдағы саммит осы бағытты жалғастырып, одан әрі тереңдетуге арналған. Менің ойымша, ынтымақтастық түрлі салада дами береді. Мысалы, қазіргі таңда елдеріміз “Бір белдеу – бір жол” бастамасы аясында тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Енді бұл байланыс жаңа бағыттарға — заманауи технологиялар, агросектор, білім беру және экология салаларына қарай кеңейіп келеді.
Келешек саммитте мемлекет басшылары осы бағыттардағы нақты жобаларды, жаңа бастамаларды талқылайды деп ойлаймын. Бұл — барлық ел халқы үшін де пайда әкелетін қадамдар болады.

— Тағы қосар ойыңыз болса, мархаббат...
— Ынтымақтастық жайлы ойым осы. Бірақ бір айтарым, келесі сапарда қазақ тілінде көбірек сөйлей алсам деген тілегім бар. Қазақстанда екі жылдай жұмыс істесем де, өкінішке қарай, қазақ тілім онша жетілмеді. Дегенмен, тілімді жетілдіріп, қазақша еркін сөйлей алсам деймін.
— ШЫҰ саммитінде кездескенімізде қазақ тілінде ойыңызды білдіріп едіңіз. Қазір жаңа сөздер үйрендіңіз бе?
— Өкінішке қарай, әзірше жаңаларын үйреніп үлгермедім. Бірақ бұл – менің алдағы жоспарыма кіреді.
— Жарайды, сізге қазақ тілін үйренуде сәттілік тілеймін! Уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге алғыс айтамын.