10 жыл ішінде әлеуметтік нысандар электр энергиясын 25%-ға үнемдеді

10 Маусым 2022, 12:52
1811
Бөлісу:
10 жыл ішінде әлеуметтік нысандар электр энергиясын 25%-ға үнемдеді

Бұл туралы «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасының ресми аяқталуына арналған конференция барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.  

Бүгін бірнеше жыл бұрын басталған «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы өз мәресіне жетті. Бағдарламаның аяқталуына байланысты біз конференция ұйымдастырып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, энергия үнемдеу туралы заң жобасы 2012 жылы қабылданды. Сол уақытта мемлекеттік мекемелерде қыздыру шамдарын энергия үнемдейтін шамға ауыстыру бойынша жұмыстар басталды. Ол уақытта үлкен қоғамдық резонанс орын алып, барлық кәсіпорындар мен мекемелер жылдамдатылған тәртіппен ауыстырылғанға қарсы болды. Бүгінгі таңда қыздыру шамдарын қолданатын мекемелер жоқтың қасы, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сонымен қатар ол 10 жыл ішінде қандай жұмыстар атқарылғанына тоқталып өтті. 

Қоғамда энергия үнемдеу мен энергия тиімді технологияға көшу бойынша тұжырымдама қалыптасты. Энергия үнемдеу туралы заң қабылданған соң алғаш рет мемлекеттік тізілім жасалды. Қазір бұл тізілімге энергияны көп тұтынатын кәсіпорындар енгізілді. Аталған кезең ішінде энергия аудит бойынша 1,5 мыңдай іс-шара өткізілді, - деді Марат Қарабаев. 

Айтуынша, Дүниежүзілік банк энергияны үнемдеу үшін елімізге қомақты қаржы бөлген. 

Дүниежүзілік банк кезінде 20 млн доллардан астам мөлшерде грант қаражатын бөлді. Бұл қаражатқа әлеуметтік маңызы бар балабақша, мектеп сынды 96 нысанда энергиятиімділік арттыру бойынга энергияаудит пен басқа да іс-шаралар өткізілді. Бұл нысандарда энергияны тұтыну 25%-ға төмендеп, нәтижесінде мемлекеттік сектор 188 млн теңге үнемдеді. Бұл бюджет қаражатын үнемдеу мен электр энергиясын сақтаудың айқын көрсеткіші. 2012 жылдан бері осы іс-шаралардың арқасында жалпы алғанда ІЖӨ энергиясыйымдылығы 11%-ға төмендеген, - деді вице-министр. 

Өзгелердің жаңалығы