10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны: Қызылорда өңірінде 10 043 адам жұмысқа орналасты

16 Желтоқсан 2022, 18:13
915
Бөлісу:
10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны: Қызылорда өңірінде 10 043 адам жұмысқа орналасты

Бүгін Қызылорда өңіріне жұмыс сапарымен келген  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесіп, әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша актив отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы жылғы Жолдауында әлеуметтік саланы қолдауға және дамытуға ерекше басымдық бергенін атап өтіп, аймақта халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған жұмыстарды тізбектеді.

Ұлттық жобалар шеңберінде 136 жоба аясында мыңнан астам жұмыс орны құрылып, олардағы жұмыспен қамтылған азаматтарға зейнетақы аударымдары 67,3 пайызды құрады. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады деп күтілуде. Индустрияландыруды дамыту аясында өңірде жалпы құны 613,1 млрд. теңгені құрайтын 37 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл 6,8 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік ахуалды тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі, жұмыс беруші және облыстық кәсіподақтар орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы 52 ірі және орта кәсіпорынмен меморандумдарға қол қойдық. Осы жұмыстардың нәтижесінде 8 мыңнан аса жұмысшының жалақысы 50%-ға дейін көтерілді, - деді аймақ басшысы.

Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру бастамасын жүзеге асыру аясында өңірдің жақсы нәтижелерін атап өтті. Мәселен, 4587 жұмыс орнын құру жоспарлы көрсеткіші бойынша 10 043 адам жұмысқа орналасты, яғни жоспар екі еседен артық орындалды.

Министр Қызылорда өңіріне алдағы 3 жыл ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 43,7 млрд.теңге қаржы қаралғанын жеткізді.

Келесі жылы Қызылорда облысында 36,6 мың адамды жұмыспен қамтуға белсенді шаралар жоспарлануда. Біздің мақсат – жұмыссыз адамдарға барынша жұмыспен қамтуға жағдай жасау. Әр бос жұмыс орнын Электрондық еңбек биржасы арқылы мониторинг жүргізіліп, еңбек келісім-шарттарымен және зейнетақы жарналарымен расталатын болады, - деді Т.Дүйсенова.

Министр Әлеуметтік кодекстің артықшылықтары мен Отбасының цифрлық картасын енгізу жұмыстарының тиімділігіне тоқталды. Бұл жоба арқылы тиісті көмекті ала алмай жүрген отбасыларға 1 қыркүйектен бастап белгіленген мемлекеттік кепілдіктер туралы SMS хабарламалар жолданады.

Бүгінгі күні мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректері бойынша Цифрлық картада 6,3 млн отбасы мен олардың 19,5 млн отбасы мүшесі туралы ақпарат жинақталған. Бұл ретте тиісті көмекті ала алмай жүрген отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасыларға проактивті форматта мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары қабылдануда. Қызылорда облысының 840 тұрғынына төлем тағайындалды, - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Ведомство басшысы карта аясында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызмет көрсетілсе, 2023 жылдан бастап халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтердің тізімі кеңейтілетінін атап өтті. 2025 жылға қарай Цифрлық картада әлеуметтік, білім және денсаулық сақтау салалары бойынша барлық мемлекеттік кепілдіктер қамтылады.

Айта кетейік, министр жұмыс сапары аясында мүгедектігі бар адамдармен, ҮЕҰ өкілдерімен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, баспасөз брифингінде журналистердің сұрақтарына жауап берді және бірқатар медициналық-әлеуметтік мекемелерге барды.

Өзгелердің жаңалығы