1 желтоқсаннан бастап электромобильдерді қуаттау станциялары міндетті тексеруден өтеді

Бүгінде электромобильді қуаттау құны берілген электр энергиясының көлеміне байланысты есептеледі.

 pixabay 1 Қазан 2026, 23:34
1 Қазан 2026, 23:34
102
Фото: pixabay

Қазақстанда электромобильдерді қуаттау станцияларындағы өлшеу дәлдігіне қойылатын жаңа талаптар енгізіледі. 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап электромобильді қуаттау кезінде жүргізілетін өлшеулер мемлекеттік реттеу саласына жатады. Осыған байланысты қуаттау кезінде қолданылатын өлшем құралдары міндетті тексеруден өтеді.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. 

Жаңа талаптар ең алдымен электромобильдерді қуаттау кезінде жүргізілетін төлемнің дұрыстығын қамтамасыз етуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Бүгінде электромобильді қуаттау құны берілген электр энергиясының көлеміне байланысты есептеледі. Сондықтан тұтынушыға көрсетілетін қызметтің құнын анықтау кезінде пайдаланылатын жабдық электр энергиясының көлемін дәл өлшеуі керек.

Жаңа талаптарға сәйкес, электромобильге берілген электр энергиясының көлемін есепке алатын өлшем құралдары белгіленген метрологиялық талаптарға сай болуы және уақтылы тексеруден өтуі қажет. Құрылғыларды тексеру олардың жарамдылығын, белгіленген дәлдік шегінде жұмыс істейтінін және электромобильге берілген электр энергиясының нақты көлемін дұрыс көрсететінін анықтайды. Бұл тұтынушының көлігін қуаттау кезінде нақты берілген электр энергиясының көлеміне ғана ақы төлеуіне кепілдік береді, – делінген министрліктің хабарламасында. 

Электр қуатын қуаттау станцияларының иелері мен операторлары пайдаланылатын өлшем құралдарының белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылап, олардың уақтылы тексеруден өтуін қамтамасыз етуі тиіс.

Ал электромобиль иелері үшін бұл өзгерістер төлеу кезінде туындауы мүмкін қателіктерден қосымша қорғаныс беріп, жабдық көрсеткіштерінің дұрыстығына деген сенімді арттырады.

Наверх