1 млрд 600 млн теңге: Министр жұмыскерлердің қанша жалақы ала алмай жүргенін айтты

5 Қыркүйек 2019, 17:16
1339
Бөлісу:
1 млрд 600 млн теңге: Министр жұмыскерлердің қанша жалақы ала алмай жүргенін айтты

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде жұмыскерлердің қанша жалақы ала алмай отырғанын айтты.

"Мекемеде жұмыс істеп жүрген азаматтардың, Үкіметке жүгінбей, өзінің жанұясын өзі асырап, жұмыс істеп жүрген белсенді адамдардың еңбек құқықтарының тапталуы - бүгінгі күнгі ең күрделі мәселе. Сондықтан еңбек заңдылығын сақтау, еңбек адамының құқығын қорғау біздің министрліктің негізгі басымдығы болады. Мен қандай жағдай туралы айтып тұрғаным түсінікті болу үшін бірнеше цифрді мысалға келтірейін. Бүгінгі күні еліміздің жұмыс берушілері өз жұмыскерлеріне 1 млрд 600 млн теңге қарыз. Бұл ақша атқарылған жұмыс үшін төленбеген. Бұл 125 кәсіпорын, яғни 4 мыңнан астам жұмыскер өз жалақысын ала алмай отыр", - деді Біржан Нұрымбетов Еңбек министрлігінде өтіп жатқан жиында.

Министрдің айтуынша, дәл осы жұмыс берушілер жұмыскерлеріне міндетті зейнетақы жарналары бойынша 3 млрд 700 млн теңге, ал әлеуметтік аударымдар бойынша 1 млрд 700 млн теңге қарыз.

Атап өтсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде кәсіпорындардағы еңбек қатынастарының проблемалық мәселелеріне арналған кеңес өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы