1 қаңтардан бастап мәслихат хатшыларының жалақылары өседі

22 Қазан 2021, 10:40
4815
Бөлісу:
1 қаңтардан бастап мәслихат хатшыларының жалақылары өседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәслихат хатшыларының жалақылары өседі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мәлімдеді.

Премьер-министр барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының, тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелерінің лауазымдық жалақыларын көтеру туралы Сенат депутаттарының сауалдарына жауап берді.

Бұл лауазымдарға еңбекақы төлеу «Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органның қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы» Үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646қбп қаулысымен реттеледі.

Мемлекет басшысының мемлекеттік органдарда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2021 жылғы 30 маусымда жоғарыда аталған қаулыға тиісті өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің, барлық деңгейдегі мәслихат аппараттарының мемлекеттік қызметшілерінің, тексеру комиссияларының мемлекеттік қызметшілерінің, оның ішінде олардың төрағалары мен мүшелерінің лауазымдық айлықақылары 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жоғарылады. Бұл қаулыға сәйкес жалақы мөлшері лауазымдық айлықақы схемасына және лауазымдарды деңгейлер мен функционалдық блоктар бойынша бөлуге сәйкес белгіленеді, - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Маминнің сөзінше, лауазымдар функционалдық блоктарға бөлінеді, ал функционалдық блоктар міндеттерді іске асыру қағидаттарына, 2 жауапкершілік деңгейіне және талап етілетін біліктілікке сүйене отырып, лауазымға тиесілікті көрсетеді.

Барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының лауазымдық айлықақыларын көтеруге қатысты Мемлекет басшысы 2021 жылғы 8 қазандағы № 64-18.0 ПАБ-9 қарармен 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мәслихат хатшыларының жалақыларын арттыру туралы Үкіметтің ұсынысын қолдағанын хабарлаймын. Осыған байланысты, осы жылдың соңына дейін Үкімет мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық қызметкердің еңбегіне ақы төлеуді регламенттейтін жоғарыда аталған қаулыға тиісті түзетулер енгізу бойынша қажетті шаралар қабылдайды, - деді Мамин депутаттарға берген жауабында.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар еліміздегі аудандық, қалалық және облыстық мәслихат хатшылары мен тексеру комиссиясы жалақыларының төмендігіне қатысты сауал жолдаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы