1-4 сыныптың барлық оқушысы мектепте тегін тамақтанады

12 Қаңтар 2023, 20:47
2213
Бөлісу:
1-4 сыныптың барлық оқушысы мектепте тегін тамақтанады
Фото: ural-meridian

Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов 1-4 сыныптың барлық оқушысы мектепте тегін тамақтанатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жас ұрпақтың салауатты денсаулығын қалыптастыру үшін оқушылардың мектеп қабырғасында дұрыс, толыққанды тамақтануы маңызды. Қазіргі күні елімізде 1 млн-ға жуық бала, оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мектепте толықтай тегін ыстық тамақпен қамтылған. Мемлекет басшысы әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 1-4 сыныптың барлық оқушысын толығымен мектепте тамақпен қамтамасыз етуді тапсырды, - деді ол.

Айтуынша, бұл мәселе қазіргі күні 8 өңірде ғана шешімін тапқан. Басқа өңірлер алдағы жылдары жергілікті бюджеттен тиісті қаражатты қарастырып, мәселені толықтай шешуі керек. Қазіргі күні бұл жоспар бекітіліп, өңірлерге жеткізілген.

Мектептегі тамақтану барлық қауіпсіздік стандарты мен талабына сай болуы керек. Бұл үшін ата-ананың бақылауын, оның ішінде автоматтандырылған мониторингті енгізуге ерекше назар аударуы маңызды, - деп айтты Алтай Көлгінов кеңейтілген алқа отырысында.

Премьер-министрдің орынбасары министрлікке мектептегі тамақтану мәселесін бақылауға алып, оны жетілдірудің жолдарын, оның ішінде «Үздік мектеп асханасы» сайысын ұйымдастыруды қолға алуды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы