Құрылыс қарқыны екі есе артады – Сапарбаев

14 Сәуір 2020, 08:38
1299
Бөлісу:
Құрылыс қарқыны екі есе артады – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Тараз қаласындағы бірқатар өнеркәсіп нысандарын аралап, қызметімен танысып, кездесіп отырған өзекті мәселелерді шешу жолдарын саралады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.

Облыс орталығында ірі азық-түлік қоймаларының бірі – "Тараз-Холод" ЖШС. Аталмыш кәсіпорын 2007 жылдан бері жұмыс істеуде. Оның аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды. Онда жүздеген тонна ұн, күріш, қарақұмық, балық, құс еті, макарон, кондитерлік өнімдер және басқа да азық-түлік тауарлары сақталуда.

Кәсіпорын директоры Сәуле Жанабекова аймақ басшысына өнімді сақтау шарттары мен оны жүзеге асыру жолдары туралы айтып берді. Оның айтуынша, айтарлықтай мәселелер жоқ, дегенмен карантин енгізілуіне байланысты тауарларды тасымалдау бойынша бірқатар қиындықтар туындап отыр.

Б. Сапарбаев бұл мәселенің шешілгендігін тілге тиек етіп, тек облыстық жедел штабқа тиісті өтінім беру керектігін, сол бойынша компанияның автомашиналарының нөмірлері қала мен облыс аумағында қозғалуына рұқсат етілген көлік құралдарының жалпы базасына енгізілетінін жеткізді.

"Запчасть" акционерлік қоғамының металлургиялық зауытында темір жол көлігіне арналған тежегіш қалыптарын, құрылысқа арналған арматуралар шығарылмақ. Алайда, қазір ол тоқтап тұр. Зауыт директоры Әділбек Құлбаевтың айтуынша, цехтарды іске қосу жұмыстарын жүргізу қажет. Карантинге байланысты ол кейінге қалдырылуда екен. Бұл тұрғыдағы мәселе мамандарға байланысты болып отыр десек, оған Қытайдан арнайы мамандарды шақыру көзделуде.

Облыс әкімі бұл іске көмектесуге дайын екендігін жеткізді.

Мамыр айынан бастап бізде ауқымды құрылыс жұмыстары басталады. Бұл тұрғыда сіздер шығаратын арматура заты құрылыс нысандарына аса қажеттігін айтпасақ та түсінікті. Сол үшін зауыттың іске қосылуын жеделдету керек, - деді ол.

Құрылыс материалдары нарығында 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Керамик инвест" ЖШС негізінен темір-бетон бұйымдарын шығарумен айналысады.

Бізде шикізатқа қатысты кедергілер жоқ. Цемент Мыңаралдан, металл Қарағандыдан әкелінеді. Өнімдерімізге өз өңірімізден бөлек Түркістан мен Қызылорда облыстарынан да сұраныс көп, - деді кәсіпорынның бас директоры Евгения Ли.

Аймақ басшысы биыл құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артатынын, сондықтан да зауыт өнімдері әсіресе ішкі нарықта қажет болатынын атап өтті. Сондықтан қуаттылықты арттыру, өндірісті кеңейту үшін инвестиция тарту қажеттігіне назар аудартты.

Сондай-ақ "Полиэтилен Агро" ЖШС де өз өндірісін кеңейтуді көздеуде. Бүгінде мұнда ауыл шаруашылығы арналған полиэтилен пленкасының өндірісі жолға қойылған. Жылдан жылға өндіріс көлемі артып келеді.

Біз жаңа цех ашқымыз келеді, бірақ оған қуаттылығымыз жетіспеуде, - дейді кәсіпорын директоры Бахтияр Серкеев.

Өңір басшысы жұмыс сапары барысында "Good Look Сауда үйі" автоматтандырылған жемшөп өңдеу кешенінде болды. Мұнда тек ауыл шаруашылығы жануарлары ғана емес, құстарға да арналған азықтың көптеген түрлері өндіріледі. Кәсіпорынның өз қоймалары бар.

ЖШС директоры Румия Хашимованың айтуынша, зауыт өнімі біздің аймақтан бөлек, Түркістан облысына да, Өзбекстанға да жөнелтіледі. Ол сондай-ақ өндірісті одан әрі дамыту жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Сіздің ұсынысыңыз жақсы, бірақ оларды жан-жақты зерделеу керек. Әрине, облыс үшін жақсы жем базасы қажет. Бұл мәселені біздің шаруаларымызбен бірге шаруашылықтардың бірінің базасында семинар түрінде талқылайтын боламыз, - деді Бердібек Сапарбаев.

Өзгелердің жаңалығы