Шығыс Қазақстан облысында ситуациялық орталық ашылады

13 Сәуір 2019, 15:38
3084
Бөлісу:
Шығыс Қазақстан облысында ситуациялық орталық ашылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласында ведомствоаралық ситуациялық орталық орналасатын ғимаратты толықтай жөндеуден өткізуге 1,1 миллиард теңге қарастырылмақ. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық Мәслихатының кезекті ХХІХ сессиясы барысында 2019-2021 жылдарға арналған бюджет жобасын депутаттар назарына ұсынған облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысының орынбасары Сәуле Ұлақова хабарлады.

«Әкімшісі Шығыс Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары болып келетін 1,1 миллиард теңге бюджет қаражаты Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 59 үй мекенжайындағы әкімшілік ғимаратты ведомствоаралық ситуациялық орталық орналастыру үшін толық жөндеуден өткізуге бағытталады», - деді басқарма басшысының орынбасары Сәуле Тұмашқызы.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін Өскемен қаласында барлық жедел жәрдем, төтенше жағдай және құтқару қызметінің бірыңғай ситуациялық орталығының құрылатыны жөнінде айтқан болатынбыз. Жыл басында облыстық Қоғамдық кеңес алдында есеп берген өңір басшысы аталмыш орталықтың бірінші жартыжылдық ішінде ашылатынын хабарлаған.

«Тамыз айына қарай Өскемен қаласында 4 мың камера орнатылатын болады. Барлығы қала тұрғындарының қауіпсіздігіне бағытталмақ. Сонымен қатар, 102, 103, 109, 112 және тағы басқа қызметтердің барлығы шоғырланатын бірыңғай ситуациялық орталық құратын боламыз», - деген облыс әкімі оның екінші жартыжылдыққа қарай толыққанды жұмыс істеп тұру қажеттігін ескерткен болатын.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында білім беру мекемелеріне 100 мың оқулық сатып алынғаны туралы жазғанбыз.



Өзгелердің жаңалығы