- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Зымыраннан мұнайға дейін: АҚШ пен Иран тартысы екі күнде қалай өзгерді?
Зымыраннан мұнайға дейін: АҚШ пен Иран тартысы екі күнде қалай өзгерді?
АҚШ әскері Иран аумағындағы бірқатар нысанға соққы жасады. Бұған жауап ретінде Тегеран аймақтағы бірнеше нысанға зымырандар мен дрондар ұшырды.
2 Қыркүйек 2026, 09:56
Бірінші қыркүйек АҚШ әскері Иран аумағындағы бірқатар нысанға соққы жасады. Бұған жауап ретінде Тегеран аймақтағы бірнеше нысанға зымырандар мен дрондар ұшырды. Осылайша, алты айдан астам уақыт бойы үзіліспен жалғасып келе жатқан қақтығыс қайта күшейді. BAQ.KZ тілшісі халықаралық медиада жарияланған сенімді деректерді жинақтап, АҚШ пен Иран арасындағы соңғы екі күндегі оқиғаларға шолу жасады.
Жергілікті биліктің мәліметінше, АҚШ-тың соққыларының бірі Иранның оңтүстігіндегі үйге түскен. Ол жерде үйлену тойы өтіп жатқан. Салдарынан бес адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.
АҚШ Орталық қолбасшылығы сейсенбі кешінде Иранның әскери нысандарына бағытталған соңғы шабуылдар аяқталғанын мәлімдеді. Олардың арасында әуе қорғанысы нысандары, радиолокациялық жүйелер және теңіз инфрақұрылымы бар.
Бұған дейін жексенбі күні де АҚШ Иранға соққы жасаған еді. Осы шабуылдар бір айға жуық созылған тыныштықты бұзды. Қақтығыстың қайта күшеюі әлемдік мұнай бағасының өсуіне әкеліп, қарашада өтетін АҚШ Конгресінің аралық сайлауы алдында республикашылдарға саяси қысымды арттырды.
Сейсенбі күні кешке АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды келіссөз үстеліне күштеп отырғызуға тырыспайтынын айтты.
Олар өздері үшін ешқандай пайдасы жоқ келісімге қол қоя ма, жоқ па – маған бәрібір. Қазіргі жағдайымыз маған көбірек ұнайды. Біз Ормуз бұғазын іс жүзінде толық бақылап отырмыз, ал олардың экономикасы күйреді. Олар тек болмай қоймайтын жағдайды кейінге шегеріп жүр. Иран халқы қашан көтеріліп, күреседі? – деп жазды Трамп әлеуметтік желіде.
Бұған дейін Трамп Иранға экономикалық санкциялар арқылы қысымды күшейтуге басымдық берген еді. Ол Тегеран жаңа америкалық соққыларға жауап берсе, «бұдан да ауыр және әлдеқайда жоғары деңгейдегі соққыға» тап болатынын ескертті.
АҚШ Орталық қолбасшылығы соңғы шабуылдар Тегеранның Таяу Шығыстағы коммерциялық кемелер мен америкалық әскери күштерге соққы жасау әрекетіне жауап болғанын мәлімдеді.
Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында АҚШ әскері Иранның радиолокациялық жүйелеріне де соққы жасағанын айтты.
«Олар радарларын қайта қалпына келтіруге тырысты, өйткені қазір ештеңе көре алмай отыр. Біз оның қайта жасалып бітуіне аз қалғанын күттік те, кейін соққы бердік», – деді АҚШ президенті.
Иран АҚШ нысандарына жауап берді
АҚШ шабуылдары басталғаннан кейін Иран Иордания аумағына баллистикалық зымырандар ұшырды.
Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, Ислам революциясы сақшылар корпусы Иорданияның Акаба шығанағы жағалауындағы АҚШ әскери базасын нысанаға алғанын мәлімдеген.
Иордания әскері он зымыранның атып түсірілгенін, тағы үшеуі адам тұрмайтын аумақтарға құлағанын хабарлады. Акаба қаласының үстінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері іске қосылғаны байқалды.
Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары АҚШ елдің оңтүстік жағалауындағы азаматтық нысандарды бомбалап, азаматтық әуежайға да соққы жасағанын мәлімдеді.
Хормозган провинциясы әкімінің орынбасары Ахмад Нафизидің айтуынша, АҚШ шабуылы Кухестак елді мекеніндегі үйлену тойы өтіп жатқан үйге түскен. Бес адам, оның ішінде бір бала қаза тапқан. Кемінде 68 адам жараланған.
Күмән болмасын, бұл қылмыстар жауапсыз қалмайды, – деп жазды Иран парламентінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің төрағасы Эбрагим Азизи X әлеуметтік желісінде.
АҚШ Орталық қолбасшылығының өкілі, капитан Тим Хокинс бейбіт тұрғындар арасында құрбандар болғаны туралы ақпараттан хабардар екенін мәлімдеді. Алайда ол бұл мәліметтердің Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарынан тарағанын атап өтті.
АҚШ әскері бейбіт тұрғындарды ешқашан әдейі нысанаға алмайды, – деді Хокинс.
Кувейт әскері де Иранның дрон шабуылдарын әуе қорғанысы күштері тоқтатқанын хабарлады.
Иран Бахрейндегі АҚШ әскеріне дронмен соққы жасағанын мәлімдеген. Алайда Бахрейн билігі барлық шабуылдың тойтарылғанын хабарлады.
Иран «жойқын соққылар» жасайтынын ескертті
Иран Қарулы күштерінің Бас штабы мен біріккен әскери қолбасшылығы АҚШ-қа қарсы «жойқын әрі қиратушы соққылар» жасалатынын мәлімдеді.
Иранның IRNA мемлекеттік агенттігі Ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдемесіне сілтеме жасап, АҚШ шабуылдары елдің қарсылығын одан әрі күшейткенін хабарлады.
Сондай-ақ Тегеран Ормуз бұғазын іс жүзінде жабу шараларын күшейтетіні айтылған. Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды теңіз жолдарының бірі. Әдетте әлемде теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен 20 пайызы осы бұғаздан өтеді.
Иранның оңтүстігіндегі бірнеше жағалау аймағында жарылыстар болғаны хабарланды. Олардың арасында әскери-теңіз және әскери-әуе нысандары орналасқан Бандар-Аббас портты қаласы мен Ормуз бұғазындағы Кешм аралы бар.
Бандар-Аббас тұрғындары Associated Press агенттігіне жарылыстар жексенбідегі шабуылдардан әлдеқайда күшті болғанын айтқан. Куәгерлер қаланың шығыс жағынан түтін көтерілгенін көрген.
Иран мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, АҚШ соққылары Кешм аралындағы балық ұны зауытына және Хормозган провинциясындағы бірнеше азаматтық нысанға түскен.
Сондай-ақ Сирик аймағындағы балықшылар пирсі мен порт және теңіз ұйымының мұнарасы зақымданғаны айтылды.
Азаматтық әуежайға да соққы жасалғаны хабарланды
Иран мемлекеттік телеарнасы АҚШ әскері Керман провинциясындағы Джирофт азаматтық әуежайына соққы жасағанын хабарлады.
Мәлімет бойынша, снаряд ұшу-қону жолағынан тыс аумаққа түскен. Қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ, әуежай инфрақұрылымына да айтарлықтай зиян келмеген.
Иранның электр желілерін басқаратын Tavanir компаниясы Хормозган провинциясының бірқатар ауданында электр желілері зақымданғанын мәлімдеді. Қазір мамандар электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ормуз бұғазы үшін күрес күшейді
АҚШ пен Иран Ормуз бұғазындағы ықпалын күшейтуге тырысып отыр. Иран жағалауына жақын орналасқан бұл тар теңіз жолы әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызға ие. Соғыс басталғаннан кейін Тегеран бұғаздағы кеме қозғалысын іс жүзінде шектеді.
АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс қайта күшейгеннен кейін осы аптада мұнай бағасы күрт өсті. Шикі мұнай бағасы аптаның өзінде шамамен 7 пайызға қымбаттап, сейсенбідегі шабуылдардан кейін тағы көтерілді. Жыл басынан бері мұнай бағасы 50 пайыздан астам өсті. Бұл АҚШ-та бензин бағасына да әсер етті. AAA дерегінше, АҚШ-та бір галлон кәдімгі бензиннің орташа бағасы бір түнде қайтадан 4,10 долларға дейін көтерілген. Былтыр осы уақытта оның бағасы 3,19 доллар болған.
Иран бітімге қайта оралуға дайын екенін айтты
Әскери шабуылдар Иран АҚШ та шарттарды орындаған жағдайда атысты тоқтату туралы келісімді сақтауға дайын екенін мәлімдегеннен кейін қайта басталды.
Қақтығыс қайта күшейгенге дейін Трамп әкімшілігі Иранды қаржылық жағынан оқшаулау мен экономикалық қысымды арттыру Тегеранды келісімге келуге мәжбүр етеді деп есептеген.
Алайда қазір әскери соққылар қайта басталды.
Бұл ретте АҚШ-тың заманауи зымырандарды ұстап қалуға арналған қорлары азайып келеді. Сонымен қатар соғыс америкалықтардың бір бөлігі арасында қолдау таппай отыр.
Ашық әскери қақтығыстың қайта басталуы бүкіл аймаққа қауіп төндіреді. Соғыс басталғалы Иран Парсы шығанағы елдеріндегі АҚШ әскери базалары мен инфрақұрылымына бірнеше рет шабуыл жасаған.
Иран президенті Масуд Пезешкиан сейсенбі күні, жаңа америкалық шабуылдар басталмай тұрып, Тегеранның маусымда АҚШ-пен жасалған уақытша атысты тоқтату келісіміне қайта оралуға дайын екенін мәлімдеді.
Егер АҚШ өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы міндеттемелеріне қайта оралса, Иран Ислам Республикасы да бірден дәл сондай қадам жасайды, – деген Пезешкиан.
Бұл мәлімдемені ол Қырғызстанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде жасаған.
Маусымдағы уақытша келісім бойынша тараптар атысты дереу тоқтатып, кейін кең ауқымды келісімге келу үшін 60 күн бойы келіссөз жүргізуі тиіс болған.
Алайда бұл уағдаластық көп ұзамай бұзылды
Жексенбі күні жасалған алдыңғы соққылар кезінде АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранның Ормуз бұғазына теңіз миналарын орналастыру үшін пайдаланылуы мүмкін зымыран қондырғыларына шабуыл жасағанын хабарлаған.
Иран оған жауап ретінде Иорданиядағы АҚШ нысандарына зымырандар ұшырды. Олар әуеде атып түсірілді. Біріккен Араб Әмірліктері де өз аумағы маңында Иран дронын тоқтатқанын мәлімдеді.
Дүйсенбі күні Дональд Трамп Иранға қарсы қосымша соққылар қажет болуы мүмкін екенін айтқан еді. АҚШ әскері соңғы күндері әскери операциялардың ауқымы шектеулі екенін айтып келеді. АҚШ Орталық қолбасшылығы сейсенбі күні соңғы соққылар Иранның коммерциялық кемелер мен аймақтағы америкалық әскерилерге қарсы әрекеттеріне жауап болғанын тағы да мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін SarapSoz бағдарламасында АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің күшеюі, Вашингтонның Тегеранға санкциялық қысымы және Ормуз бұғазындағы жағдай талқыланған еді.
Халықаралық қатынастар сарапшысы Жансая Нұралы сұхбат барысында қақтығыстың мұнай нарығына, Парсы шығанағы елдеріне және Қазақстанға ықтимал әсеріне тоқталды. Сондай-ақ Иран Ормуз бұғазын жабуға бара ма, АҚШ-тың жаңа қысымы Тегеранды келіссөзге итермелей ме деген мәселелер сөз болды.
Ең оқылған:
Олжас АДАЙ