Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы президентін ұлықтау күнін барша қазақстандық асыға күтті. Өйткені, ел тарихындағы екінші президенттің халықтың таңдауы бойынша сайланып, ұлықталған сәті ең маңызды оқиға ретінде халық жадында сақталады. Рио-де-Жанейро Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зүлфия Ғабидуллина өзінің ойымен осылай бөлісті.
«Мен де сайлауда әлемдік аренада беделі зор, мемлекетшіл тұлға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдап, дауысымды бергенмін. Сенімімнің алдамағанына қуанамын. Мен таңдаған үміткер айқын басымдықпен жеңіске жетті. Елдің таңдауы лайықты тұлғаға түсті. Ол – қазақстандықтардың сенім үдесінен шығып, Отаны үшін барынша адал еңбек ете алатын азамат», - деді спортшы.
Чемпион сол себептен де бүгінгі ел президентін ұлықтау рәсімін аса жоғары көңіл-күймен, қуанышпен көріп, тамашалаған.
«Менің жүздеген әріптесім, белгілі спортшылардың бәрі де сол сәтте қуанышты күй кешті деп ойлаймын. Себебі, ың-шыңсыз сайлау өткізіп, лайықты президентімізді таңдап алғанымыз – үлкен жеңіс», - деді Зүлфия Ғабидуллина.
Паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы заң талабына сәйкес Ант қабылдап, қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысына жеміс, өзіне зор денсаулық тіледі. Қазақ елінің мәртебесін биіктету жолында аянбайтынына сенім білдіріп, Қазақстанды тек дамыған, өркендеген мемлекет ретінде елестететінін жеткізді.