Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Зорлық, пышақтау, немқұрайлы тергеу: Шымкенттегі әйел өліміне қатысты тың деректер шықты

5 Тамыз 2025, 20:29
1383
Бөлісу:
 коллаж Оrda.kz
Фото: коллаж Оrda.kz

Шымкентте 26 жастағы Диана Оңғарбаеваның өліміне байланысты тың деректер шықты. Әйелдің денесі 10 күннен кейін қоқыс жәшігінен табылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Марқұмды жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Екі баланың анасы үй тазалауға барып, сол мекенжайда қаза тапқан. Туыстарының айтуынша, Диана үй жинау қызметін көрсету үшін барған жерінде күдіктінің қолынан қаза тапқан. Ол алдын ала қылмысын жоспарлаған болуы мүмкін.

Зорлық, пышақтау, немқұрайлы тергеу: Шымкенттегі әйел өліміне қатысты тың деректер шықты
Фото: Диана Оңғарбаеваның жеке мұрағатынан

Марқұмның әпкесі Әлия Ақбарованың сөзінше, Диананың денесі 24 жерінен пышақталған, кеңірдегіне мата тығылған. Ол көшеде пакетке оралған күйде он күн жатып, тек 31 шілдеде көше тазалаушылардың көзіне түскен. Әйелдің денесі қатты зақымданғаны соншалық, анасы өз қызын бірден тани алмаған.

Зорлық, пышақтау, немқұрайлы тергеу: Шымкенттегі әйел өліміне қатысты тың деректер шықты
Фото: Оrda.kz

Туыстарының мәлімдеуінше, қыздың жоғалғаны туралы полицияға 21 шілде күні-ақ хабар берілген. Алайда тәртіп сақшылары тек бір аптадан кейін ғана әрекет ете бастаған. Диананы алғаш болып полицейлер емес, қоқыс жинаушы жұмысшылар тапқан.

Марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаеваның айтуынша, іздеуге немқұрайлы қарау салдарынан қылмыскер еркін жүріп, дәлелдерді жасыруға мүмкіндік алған. Қыздың телефонын басқа адамдар сатқан, сондықтан туыстары бұл іске бірнеше адам қатысуы мүмкін деп санайды.

Зорлық, пышақтау, немқұрайлы тергеу: Шымкенттегі әйел өліміне қатысты тың деректер шықты
Фото: Оrda.kz

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, "Адам өлтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр. Полиция өкілдері оқиғаның толық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел тергеу шаралары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Диананың артында 2 және 4 жастағы екі қызы мен жұбайы қалды. Ерлі-зайыпты қалаға нәпақа табу үшін келген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шымкентте жоғалып кеткен 26 жастағы Диана Оңғарбаеваның денесі бірнеше күннен кейін табылып, бұл жаға ұстатар жайт бүкіл елді дүр сілкіндірді. Қайғылы оқиға интернеттегі жұмыс туралы хабарландырулар арқылы жасалатын қылмыстардың қауіптілігін көрсетіп берді.

Өзгелердің жаңалығы