Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Пандемия кезінде отбасылық зорлық-зомбылық саны артып кеткенін де білеміз. Осы орайда, сарапшылар зорлық-зомбылықтың пайда болу себептерін айтуға тырысты.
Құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекова бұл проблеманың бары қазір ешкімге құпия емес екенін айтады.
Әлеуметтік желіні ашсаң, күнде бір оқиға болып жатады. Бүгін мемлекет тарапынан не жасалып жатыр? Бүгінде Мәжілісте депутаттар бастамашылық еткен тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы қаралып жатыр. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық жауапкершілікті арттыру бойынша ілеспе заң да қаралады. Қоғамдық ұйымдар да бұл мәселені үнемі көтеріп жүр. Мәжілістегі жұмыс тобының құрамында олар бар. Егер осы ресурстардың барлығы қосылса, белгілі бір қорытындыға келеміз деген ойдамын, - дейді Тұрсынбекова.
Оның айтуынша, елдегі тұрмыстық зорлықтың 70 пайызы ішімдік ішудің салдарынан болады.
Соңында өкінішті жағдайға алып келетін оқиғалардың дені ішімдік пен есірткіні қолданудан туындап жатады. Осы саладағы алдын алу да ақсап тұр. Әлеуметтік мәселелер де бар. Бұл - несие, жұмыссыздық, жәрдемақылар, әлеуметтік кірістің төмендегі. Сондай-ақ, қоғам мен отбасындағы менталитеттік тәрбие де әсер етеді, - деді ол.Құқық қорғаушының айтуынша, интернеттің қолжетімділігі бұл мәселеге әсер етпей қоймайды.
Отбасындағы қарым-қатынастың үйлесімді болуы да үлкен маңызға ие. Себебі отбасында мейірім көрмеген бала қатігез, агрессиясы көп ортаға түседі. Есейген соң ол отбасы моделін өзі қолданады, - дейді ол.
Қазақстанның әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары Азиза Шөжеева зорлық-зомбылық мәселесі кешенді проблема екенін айтты.
Тәуелсіздік жылдары біздегі халықтың сапасы өзгерді. 1 млн-нан астам адам шетел асып кетті. Шығармашылық интеллигенция, техникалық мамандар, білімі жоғары адамдар көшіп кетті. КСРО кезінде халықтың жоғары техникалық, медициналық білімге қолы жететін еді. Қазір олай емес. Көшіп кеткен адамдардың оның орнына көрші елдердің азаматтары келді. Олардың дені - орташа білімді азаматтар. Қазір біз білім берудің тоқырап бара жатқанын көріп отырмыз. Білім беру саласының деңгейі төмендеді. Мектептердегі білім беру әдісі де өзгерді. Ұстаздардың мәртебесі де көңіл көншітпейді, - деді ол.Ол атап өткендей, КСРО кезінде мектептердің білім беру деңгейі жоғары болатын.
Қазір білім беру саласының деңгейіне сәйкес, құқықтық білім де төмендеді. Адамдар барлық істері үшін жауапкершілік алу керек екенін білмейді. Қазір БАҚ та оған әсер етіп отыр. Мысалы, кез келген қазақстандық арнаны қарасақ, көп сериалдар ене мен келіннің арасындағы дауға қатысты болып жатады. Еркектердің қызметін төмендетіп, келіннің айналасында болып жатқан мәселелерді көрсетеді. Комедиялық, драмалық контент отбасылық дауға қатысты болады, - деді ол.
«Қазақстанның интернет қауымдастығы» ЗТБ директоры Шавкат Сабировтың айтуынша, бұл мәселеде интернет қозғаушы күш болып отыр.
Жағдай өте күрделі. Қазақстанда балаларды қорғау бойынша ұлттық бағдарлама жоқ. Біз адамдарды интернетке шығуын үйреттік. Алайда интернетте қалай жұмыс істеу керек екенін ұмыттық. Қазір ата-аналар әлеуметтік желіге кіріп кеткені сонша, балалар барлық қиындықпен бетпе-бет қалды. Біздің шұғыл желіге көп қоңырау келіп түседі. Бұл хаттардың саны пандемия кезінде көбейе түсті. Себебі ересектер мен балалардың өмірі онлайнға айналды, - деді ол.
Ал ҚР-дағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимованың айтуынша, зорлық-зомбылық мәселесі өте маңызды.
Біз сау ұлтты тәрбиелегіміз келсе, бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Зорлық туралы айтқанда біз оның тамыры қайда жатқанын білуіміз керек. Қоғам мықты болуы үшін экономикалық және әлеуметтік жағдайды күшейтуіміз керек. Меніңше, бұл мәселеге перспектива мен тәуекелдер тұсынан қарау керек. Бұл мәселемен тек полиция мен құқық қорғау органдары ғана айналысуы керек деген түсініктен арылу керек, - деді ол.
Айта кетейік, пандемияға байланысты енгізілген карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға артқан.
Өзін-өзі оқшаулау кезінде 8 мыңнан астам азамат тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жауапқа тартылды. Оның жартысы әкімшілік қамауға алынды. Дағдарыс орталығына 500-ден астам жәбірленуші бағытталды.
Осыған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты дағдарыс орталықтары мен статистикалық мәліметтер мен әлемдік көрсеткіш бойынша материал жарияланған болатын.