Жылжымайтын мүлік иелері енді тіркеу шығынын өтемейді

19 Маусым 2020, 12:08
2245
Бөлісу:
Жылжымайтын мүлік иелері енді тіркеу шығынын өтемейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді жылжымайтын мүлік иелерінің тіркеуші органға жүгінудің және осы өзгерістерді тіркеу бойынша шығындарды көтерудің қажеті жоқ. Бұл туралы Әділет министрі Марат Бекетаев халық алдындағы есептік кездесуінде айтты.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды қарастыратын заңнамаға түзетулер қабылданды. Мысалы, бұрын елді мекендердің, көше атаулары, жылжымайтын мүлік иелерінің аты-жөні өзгерген жағдайда мемлекеттік тіркеу үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылды, төлем шамамен 500 теңгені құрады, - деді ол. 

Министр атағандай, жыл сайын республика бойынша тіркеу органдарына 35 мыңнан астам осы сынды өтініш түседі.

Енді жылжымайтын мүлік иелерінің тіркеуші органға жүгінудің және осы өзгерістерді тіркеу бойынша шығындарды көтерудің қажеті жоқ, өйткені жаңартылған мәліметтер мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі, - деді ол. 

Министр атағандай, жылжымайтын мүліктің меншік иелері тарапынан қаржылық және уақытша шығындарды қысқарту мақсатында кепілді тіркеу екінші деңгейдегі банктермен ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы электрондық форматқа ауыстырылды.

Өзара іс-қимыл аясында жылжымайтын мүлік иесіне құжаттарды тапсыру үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінудің қажеті жоқ, себебі банктер кепіл туралы мәліметтерді тіркеу үшін электронды форматта тіркеуші органға өздері жібереді. Тіркеу бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Министрдің айтуынша, қазір Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында кепілді электронды тіркеуді жүзеге асыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Өзгелердің жаңалығы