Халықты жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында Үкімет энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және энергетикалық қауіпсіздікті күшейту бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыруда.
Энергетика министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың үйлестіруімен электр стансалары мен жылу желілерін жөндеу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және жабдықтардың сенімділігін арттыруға бағытталған шаралар іске асырылуда.
Биыл бұл жұмыстарға 384 млрд теңге бөлінді. Қаражат электр стансаларының жабдықтарын күрделі жөндеуге, жылу желілерін жаңғыртуға және алдағы қысқы маусымда энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталады.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру аясында жүргізілуде. Құжатта инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи әрі экологиялық тиімді технологияларды енгізу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған.
2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға қомақты қаражат бөлінді. Электр стансаларын жөндеуге 348 млрд теңге, ал жылу желілерін жаңартуға 129 млрд теңге бағытталды.
Бір жыл ішінде 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбина күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ 17 мың шақырым электр желісі, 420 қосалқы станса және 323 шақырым жылу желісі жаңартылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде электр стансаларындағы тозу деңгейі 53%-ға, жылу желілерінде 50%-ға, электр желілері нысандарында 66,2%-ға дейін төмендеді. Өткен жылдың желтоқсанындағы ең жоғары жүктеме кезінде жүйе 17,3 ГВт қуат өндіріп, тұрақты жұмыс істеді.
Нәтижесінде тұрғын үйлердегі температуралық режимнің бұзылу жағдайлары 65-тен 21-ге дейін, яғни үш есеге қысқарды. Стансалардағы технологиялық ақаулар 15%-ға, электр желілеріндегі бұзушылықтар 12%-ға азайды.
Сонымен қатар қабылданған шаралардың арқасында 5 жылу электр орталығы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, ал 3 ЖЭО «сарыдан» «жасыл» аймаққа ауыстырылды. Қысқы маусымға қажетті көмір қоры да толық жасақталып, жоспарланған 7,5 млн тоннаның орнына 8 млн тоннадан астам көмір дайындалды.