Жылыту маусымы. Министр өңірлерде қандай проблемалар анықталғанын айтты

14 Қыркүйек 2021, 10:48
1711
Бөлісу:
Жылыту маусымы. Министр өңірлерде қандай проблемалар анықталғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев жылыту маусымына дайындықты талдауда анықталған проблемалар туралы айтып берді.

Оның сөзінше, жылыту маусымына дайындық бойынша жүргізілген талдауға сәйкес ерекше назар аударуды талап ететін бірқатар өңір анықталды.

БҚО бойынша нарық субъектілері арасында төлемақы жүргізбей, берешек жинақтау бойынша проблемалар бар. Бұл энергия өндіруші ұйымдар тарапынан тұтынылған газ үшін төлеуге де әсер етеді. Сонымен қатар өңірдегі 83% электр желісінің ескіріп, тозуына байланысты авариялық қажыратудың өсу қаупі байқалады. Батыс Қазақстан өңірлік желі компаниясының меншік иесі облыстың әкімдігіне шұғыл шаралар қабылдау ұсынылады. Қарағаны облысының әкімдігіне Атомдық және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитетімен бірлесіп, Теміртау қаласында күзгі-қысқы кезеңнің өтуін ерекше бақылауда ұстау қажет. «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорнының екінші жылыту электр орталығындағы негізгі жабдықтың техникалық нашар жағдайы және жөндеудің төмен қарқыны Теміртау қаласын жылумен жабдықтау тапшылығына әкелуі мүмкін, - деді министр.

Сонымен қатар «Bazzel Group» кәсіпорнының ГРЭС-1 электр стансасындағы жұмысы ерекше назар аударуды талап етеді.

Мысалы, осы жылдың басынан бері аталған электр стансасы толық тоқтатылып, 4 авариялық ажыратылу болды. Энергетика министрлігіне Қарағанды облысы Шет ауданының тұтынушыларына электр энергиясын беруді және таратуды жүзеге асыратын «Шет энерго» кәсіпорны қызметіне халықтан көптеген шағым түсіп жатыр. Министрлік аталған кәсіпорынға қатысты бақылау жұмыстарының нәтижелері бойынша өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдады, - деп айтты Мырзағалиев.

Одан бөлек, Ұлттық экономика министрлігіне және Қарағанды облысының Прокуратурасына табиғи монополиялар субъектісі «Шет энергоға» ден қою шараларын қабылдау жөнінде хаттар жолданды.

Түркістан облысы бойынша Кентау жылу орталығы «Кентау сервис» жылу желілерінің жөндеу жқмыстарын қаржыландыру проблемасы бар. Жөндеу жұмыстары жалпы сомасы 1 млрд 980 млн теңгеге жоспарланған. Сондай-ақ алдағы жылыту маусымын өткізу үшін отын сатып алуға 1 млрд 273 млн теңге қажет. Бүгінгі таңда Түркістан облысының әкімдігі 646 млн теңге бөлді. Бұл қажетті соманың тек 20%-ын ғана құрайды, - деп айтты ол Үкіметте.
Өзгелердің жаңалығы