Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жылыой ауданының активіне жаңа басшыны таныстырды.
Президент Әкімшілігінің келісімімен, аудандық мәслихаттың және менің шешімім бойынша Жылыой ауданының әкімі болып Жамалов Хәлел Жамалұлы тағайындалды, - деді Махамбет Досмұхамбетов.
Облыс әкімі Жылыой ауданының бұрынғы әкімі Азамат Бекетке атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі. Сондай-ақ, Махамбет Досмұхамбетов ауданның жаңа әкімінің алдына аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту бойынша бірқатар маңызды міндеттер жүктеді.
Нақтырақ айтқанда, аймақ басшысы аудандағы жұмыспен қамту, тұрғын үй, сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу, қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аудару керектігін жеткізді.
Жамалов Халел Жамалұлы - 1962 жылы 15 тамызда Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді. 1985 жылы Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. Мамандығы - инженер-механик.
Еңбек жолын 1985 жылы Оңтүстік-Ембі мұнай барлау экпедициясында дизелист болып бастаған.
1985-1989 жылдары Оңтүстік-Ембі мұнай барлау экпедициясында машинист, механик болып жұмыс істеген.
1989-1991 жылдары "Теңізмұнайгаз" өндірістік бірлестігінің Теңіз технологиялық көлік басқармасында МТҚ бөлімінің жетекші инженері, бөлім басшысы, бас инженер лауазымдарын атқарған.
1991-1999 жылдары аралығында коммерциялық кәсіпорын басшысы, бөлім басшысы, маркетинг бөлімінің бас менеджері лауазымдарын атқарған.
2000-2002 жылдары "Горизонт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас менеджері, 2002-2004 жылдары "Бұрғылау" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары болып қызмет еткен.
2005 жылдың қаңтар айынан бері "Горизонт" ЖШС бас менеджері.
Жылыой аудандық мәслихатының 4, 5, 6 шақырылымдарының депутаты.