Елімізде туу көрсеткіші жоғары өңірлердің үздік үштігінде Алматы қаласы мен Алматы облысы көш бастап тұр. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі екі өңірдегі балалардың дүниеге келуі мен перзентханалардағы орын тапшылығы мәселесіне тоқталып өтпек.
Алматы қаласында былтыр 40 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Оның 445-і – егіз, 8-і – үшем. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Алматыда 9 перзентхана жұмыс істейді, оның 3-еуі перинаталдық орталықтар.
2024 жылы қалада 41 590 бала дүниеге келді. Барлық перзентханаларда үнемі бос кереуеттер бар, орын тапшылығы жағдайлары тіркелген жоқ. Жыл басынан бері ана өлімі тіркелген жоқ, бұл медициналық көмек көрсетудің жоғары деңгейін көрсетеді. Барлық перзентханалар мен перинаталдық орталықтар толығымен білікті мамандармен жабдықталған. Бұл жүктілік пен босануды уақытылы және сапалы басқаруды қамтамасыз етеді, - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Набира Жұмабаева.
Ал Алматы облысында перинаталдық орталықтар жоқ, дегенмен алдағы уақытта құрылысы жоспарланып, салынуы қажет орталықтар бар. Былтыр облыста 29 мыңнан астам бала дүниеге келген. Бұл дегеніміз облыста бала туу көрсеткішінің артып келе жатқанын аңғартады.
Қазіргі уақытта Алматы облысында перинаталдық орталықтар жоқ, бірақ 13 медициналық ұйымда босандыру бөлімшелері бар. Облыс бойынша күніне орта есеппен шаққанда 70-80 бала дүниеге келеді. 2024 жылы 29 734 бала дүниеге келді. Алдағы уақытта ҚР Президентінің сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі "Әділ Қазақстан – барлығына арналған. Қазір және мәңгілікке" жол картасына сәйкес 2026 жылға Қарасай ауданында 200 төсектік перинаталдық орталық салу және денсаулық сақтау жүйесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдері арқылы дамыту аясында "Qatar Fund for Development" қорының қолдауымен Іле ауданының Өтеген-Батыр ауылында 125 төсек-орынға арналған босану үйі және Қонаев қаласында 600 төсек орындық көпсалалы аурухана, оның ішінде 200 төсек-орын перинаталдық блок салу жоспарланып жатыр, - деді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының ана мен баланың денсаулығын қорғау бөлімінің бас маманы Сабилля Рысалдиева.
Оның айтуынша, Алматы облысы бойынша ана өлімі тіркелмеген. Ал бала өлімі көрсеткішінің төмен екенін көруге болады. Сондай-ақ кадр тапшылығын шешу мақсатында ЖОО-да жергілікті бюджет есебінен мамандар білім алып жатыр.
Облыс бойынша 2024 жылы нәресте өлімінің көрсеткіші 1000 тірі туылғандарға шаққандағы 3,8%-ды құрады (2023 жыл – 4,9). Ал босанған әйелдердің өлімі тіркелмеген. Облыста кадр тапшылығы бар, алайда жергілікті бюджет есебінен кадр тапшылығы проблемасын шешу үшін резидентурада 181 дәрігер оқиды. 22 акушер-гинеколог және 2 неонатолог білім алып жатыр, - деді Сабилля Рысалдиева.
Алматыда былтыр 20 жүкті әйелге фетальдық операция жасалған. Оның алтауы сәбиін аман-есен өмірге әкелді. Қалған аналардың да отадан кейінгі жағдайы жақсы. Жүктілік мерзімі ойдағыдай өтіп жатыр. Айта кетейік, біздің еліміз үшін фетальдық хирургия – медицинаның жаңа бағыты. Операция шаранаға құрсақ ішінде жасалады. Дәрігерлердің айтуынша, құрсақішілік операция баланың дүниеге аман-сау болып келуіне мүмкіндік береді. Пилоттық жоба Алматыда басталған.
Алматылықтардың ішінде аналарды жақсы босандырып, тіпті күрделі ота жасайтын танымал орталықтың бірі – ШЖК "Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы" КМК. Бүгінде бұл орталықтың қызметін пайдаланып, егіздер мен шала туылған сәбилерді дүниеге әкелген аналардың қатары артқан.
Менің 24 апталық жүктілігімде трансфузия синдромы диагнозы қойылды. Бұл біз үшін өте ауыр болды. Дәрігерлерге рахметімді айтамын. Фетальдық операцияны сәтті жасады. Кейіннен егіз баланы дүниеге әкелдім. Дәрігерлер үш бірдей адамның өмірін өз мойынына алды. Қазіргі таңда барлығымыздың денсаулығымыз жақсы. Балаларым аман-есен өмірге келді. Маған күрделі ота жасап, балаларымды аман-есен бауырыма салған ШЖК "Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы" КМК директоры Гүлнар Қазтайқызына, ұрыққа ота жасаған Валентина Сергеевна, Лаура Рашидқызына және т.б. дәрігерлерге алғыс білдіремін. Сондай-ақ кесір тілігін жасаған Гүлзат Өтегенқызы және хирург Зиба Тәжіғалиеваға айтар алғысым шексіз, - дейді жаңа туған ана Ырысжан Абзалқызы.
Ал енді кейбір алматылық тұрғындар перзентханалардың жұмысына қарама-қарсы пікірлер айтып, палаталарда қолайлы жағдай жасалмағанын, кейде ыстық су болмай, жатын орындар тазаланбайтынын айтып, шағымданып жатқанын көруге болады.
№2 перзентханада босандым. Дәрігерлер мен медбикелердің жұмысы жақсы. Әйелдерді жақсы босандырады. Дегенмен босанғаннан кейінгі жағдай жасалмаған, палаталар суық, дымқыл. Төсектің астында шаң көп, дұрыс тазаланбайтынын көруге болады. Кейде таң атпай жуынайын десек, ыстық су жоқ болады. Бұл меніңше, сұмдық қой. Болашақта осы мәселе шешілсе екен. Себебі жаңа босанған әйелдерге күтім қажет, - дейді босанған ана Халида Құрбанова.
Елімізде 100 мыңнан аса бала әртүрлі топтағы мүгедек.
Көбі туа бітті ауруға шалдыққан. Бұл дабыл қағатын жағдай, - дейді дәрігерлер.
Мамандардың пікірінше, фетальдық хирургия дәл осы түйіткіл жайттың алдын алады. Іште жатқан баланың жүрегінде немесе бүйрегінде қандай да бір ақау болса, оны емдеуге болады. Көбіне мұндай операция егіздер мен үшемге жасалады. Себебі баланың жолдасы арқылы берілетін қоректік заттар қажетті мөлшерде жетпей жатады.
Операция жергілікті анестезиямен жүргізіледі. Алғашында жалпы анестезиямен жасап көргенбіз. Кеңесе келе, жергілікті түріне тоқтадық. Бұл аз инвазивті әдіс саналады. Арнайы құрылғыны ішке жіберіп баланың жолдасын, сәбидің өзін, кіндігін түгел көріп отырамыз. Сол арқылы қай тамырдан ақау келіп тұрғанын білеміз. Осы күнге дейін 20-дан аса әйелге құрсақішілік ота жасадық. Бәрінің жағдайы жақсы. Балаларын аман-есен дүниеге әкеліп жатыр, - деді фетальдық хирург Мәдина Апселенова.
Дегенмен кейбір пікірлерге қарап, бүтін бір ұжымның еңбегін жоққа шығару дұрыс болмас. Алматы қаласындағы №2 перзентхананы салмағы аз балалардың барлығын дерлік аман-есен дүнеге әкеліп, жарық дүние сыйлаған орталық десек артық айтпағанымыз. №2 қалалық перинаталдық орталығында 27 апта ішінде салмағы небәрі 969 грамм болатын сәби дүниеге келген.
Туылғаннан кейін бала реанимация бөліміне түскен, онда ол 10 күн бойы өкпені жасанды желдету (желдеткіш) аппаратында болған. Балалар реанимациясы бөлімінің дәрігері Айнұр Сүлейменова шала туылған нәрестенің өмірі үшін күрестің қиындықтары туралы айтып берді.
Жағдайды тұрақтандырғаннан кейін және тәуелсіз тыныс алудың пайда болуынан кейін бала инвазивті емес аппаратқа ауыстырылды. Онда ол шамамен 14 күн болды. Жағдай жақсарғаннан кейін нәресте СИПАП аппаратынан алынып, биназальды канюляға ауыстырылды. Содан кейін ол OПН бөліміне ауыстырылды, онда бала биназальды канюлямен болды, - деді дәрігер Айнұр Сүлейменова.
2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында елде 278 мың 698 бала дүниеге келді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға (290 мың 894) аз.
Статистика бюросының мәліметінше, туу коэффициенті 1 мың адамға шаққанда 18,47-ні құрады. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 19,54 болған. Керісінше өлім коэффициенті 2024 жылдың 9 айында жоғарырақ – 6,59. 2023 жылдың 9 айында коэффициент 6,46 болған.