Жылуға, құрылысқа ақша жоқ. Сенатор Семейге қазынадан қаржы бөлуді сұрады

13 Қазан 2022, 12:52
2041
Бөлісу:
Жылуға, құрылысқа ақша жоқ. Сенатор Семейге қазынадан қаржы бөлуді сұрады

Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында депутаттық сауал жолдаған сенатор Айнұр Арғынбекова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Ол ескірген жылу-электр орталығы мен аяқталмаған тұрғын үйлер мәселесін көтерді.

Жаңадан құрылған облыста әлеуметтік маңызы бар объектілерді жөндеуге қаржының жоқтығы түйткілді мәселе болып отыр. Сенатордың айтуынша, жылыту маусымы кезінде жағдайы нашар жергілікті ЖЭО Семей қаласының тұрғындарының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.

Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша «Жылукомунэнерго» МКК несие берешегі 2,9 млрд теңгені құрады, оның ішінде жалақы бойынша берешек - 318 млн теңге. Түскен барлық қаржы жалақы төлеуге беріледі. Жылыту маусымында үзіліс болу қаупі бар, бұл климаты қатал аймақ жағдайында халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін. Оны Үкіметінің резервінен 1,4 млрд теңге сомасында қаржы бөлу арқылы қолдау қажет. Есеп-қисап жасалды, қаржылық негіздеме бар, - деді Айнұр Арғынбекова.

Сенатор сонымен қатар өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығының құрылысын аяқтау туралы Президенттің тапсырмасын Министрлер Кабинеті басшысының есіне салды. Оның құрылысына бұрын 5,4 млрд теңге бөлінген болатын, бірақ содан бері құрылыс материалдары мен жабдықтардың қымбаттауына байланысты жобаны түзетуге тура келді.

Бюджет заңнамасына сәйкес жоба құнының қымбаттауына байланысты шығыстар жергілікті бюджет есебінен жүзеге асуы тиіс. Алайда Абай облысында қаржының жетіспеушілігін ескере отырып, Үкіметінің резерві есебінен 1,9 млрд теңге сомасында қаржы бөлу мәселесін қарауды сұраймын, - деп атап өтті сенатор.

Сенатор құрылысы аяқталмаған көппәтерлі үйлердің де проблемасын көтерді. Облыста осындай 6 үй бар, бұл 400 отбасына арналған тұрғын үй. Олардың құрылысы қазір материалдар бағасының қымбаттауына байланысты тоқтатылды. Оның бағасы – 1,4 млрд теңге. Сенатор тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің құрылысын аяқтау және жөндеу үшін Үкімет резервінен жетіспейтін ақшаны бөлуді сұрады.

Өзгелердің жаңалығы