Жылу электр орталығы саласындағы жағдай өте нашар – сенатор

1 Желтоқсан 2022, 17:04
1219
Бөлісу:
 Жылу электр орталығы саласындағы жағдай өте нашар – сенатор

Бұл туралы депутат Алтынбек Нухұлы Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, Екібастұз, Петропавл, Риддер және Степногорск қалаларындағы жылу электр орталықтарындағы апаттарға байланысты кейінгі кездегі оқиғалар – осы салада көптеген жылдар бойы жинақталған жүйелі проблемалардың нәтижесі.

Сенаторлар бұл проблемаларды бірнеше рет көтерген болатын және өз ұсыныстарын Үкіметке жолдады, алайда олардың ұсыныстары уақытында ескерілмеді және өз шешімін таппаған.

Биыл жыл басында «Өңір» депутаттық тобы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетімен бірлесіп, электр энергетикасын дамыту мәселелері бойынша Үкіметке жылу беру маусымына дайындық пен оған жауапкершілікті күшейту және барлық өңірлердегі субъектілер бойынша техникалық аудит жүргізуді жеделдету жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды. Бұл нақты техникалық жағдайды бағалау, сондай-ақ оларды жаңғырту, жаңарту және жөндеу үшін қажетті қаржылық ресурстарды анықтау үшін жасалуы керек еді. Алайда, Үкімет мұндай шешімге Екібастұз қаласындағы болған ірі апаттан кейін ғана  келіп отыр, - деді сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутаттар жылу энергиясын өндіру, жіберу және жеткізу саласындағы жағдай өте нашар деңгейге жетті деп есептейді. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ЖЭО жабдықтарының тозуы орташа алғанда 66%-ға дейін, ал еліміздің кейбір қалаларында 80%-ға дейін жетеді. Еліміздегі жылу желілерінің шамамен 30%-ы толық ауыстыруды қажет етеді, бұл шамамен 3,5 мың шақырым құбыр болып отыр.

Сондай-ақ еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің бір бөлігі ретінде энергетикалық қауіпсіздік саласындағы кешенді реформалар техникалық аудиттің қорытындысы болуы тиіс екенін атап көрсетті.

Осыған байланысты, жылумен жабдықтау саласында тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыруға, орталықтандырылған жылумен жабдықтау нарығы субъектілерінің өзара қарым-қатынасын, жылу энергетикалық бақылау мәселелерін реттеуге мүмкіндік беретін салалық заң қабылдауды ұсынамыз. Нарық субъектілері арасындағы жылу өндіруші, жылу жеткізуші және жылумен жабдықтаушы ұйымдардың бәсекелестігі деңгейінің төмендігін ескере отырып, саланы басқару жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізілсін, - деді Алтынбек Нухұлы.

Сонымен қатар Үкімет мүшелеріне жаңа қалаларындағы жылу электр орталығын іске қосуды және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуды, ескірген жылу желілерін азайтуды, сондай-ақ жылу энергиясын өндіру және жеткізу объектілерінің жай-күйіне мониторинг жүргізу жүйесі қамтылған жаңғырту жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы