Қазақстанда «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасының жеңімпаздарына 10 миллион теңгеден табысталады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығын іске асыру аясында қолға алынған.
Негізгі бағыттардың бірі – 1 қыркүйекте басталған «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы. Жоба бүкіл ел аумағында өткізіліп, 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды, – деді Арман Қырықбаев.
Қатысушылар сегіз санат бойынша бақ сынайды. Жобаға оқушылар мен студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, жазушылар, журналистер және басқа да ниет білдірушілер қатыса алады.
Қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, кейін зияткерлік сайыстарда шығармаларды қаншалықты меңгергенін көрсетуі керек, – деді министр.
Оның сөзінше, марафонға қоғам тарапынан қызығушылық жоғары. Екі апта ішінде арнайы платформаға миллионнан астам азамат тіркелген.
Жоба қорытындысы бойынша төрт мыңға жуық жеңімпаз ақшалай сыйлық алады. Әр өңірдің үздік қатысушылары республикалық финалда кездеседі. Сайыс соңында жылдың 10 оқырманы анықталады. 23 сәуір – Ұлттық кітап күнінде олардың әрқайсысына 10 миллион теңге көлемінде арнайы сыйлық табысталады, – дейді Арман Қырықбаев.
Марафон аясында «Парасат» атты арнайы санат та қарастырылған. Оның қатысушылары көшбасшылық, басқару және мемлекетке қызмет ету туралы 15 кітап оқып, оқығандары жөнінде ой бөліседі. Сондай-ақ жеке үлгісімен жастардың кітапқа қызығушылығын арттыруға атсалысады. Бұл санатта ақшалай сыйлық қарастырылмаған.
Министр өзі де осы санат бойынша марафонға қосылғанын айтты.
Мен де «Парасат» санаты бойынша марафонға қосылып, платформаға тіркелдім. Әріптестерімді – Үкімет мүшелерін, Мәжіліс депутаттарын, әкімдерді, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлерін марафонға қатысуға шақырамын, – дейді ол.