Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс. Мұндай ұсынысты депутаттар жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында осы мәселені көтерді.
Депутат әлеуметтік желідегі қаптаған түкке тұрғысыз дүниені түйенің құнына өткізіп жіберетін алаяқтар өзінің де, сөздің де қадірін кетіріп болғанын айтты.
Біз қазір интернет білім мен ақпараттың көзі ғана емес, жалған ақпарат пен алдап-арбаудың, орынсыз бопсалап, адам өмірін тас-талқан етудің құралы болып отырғанын көріп жүрміз. Блогерлікті бопсалау мен қыспақтаудың құралы қылып, біреудің абройын төгіп, сүрінгенін суреттеуді батырлыққа балап жүргендер баршылық. Сөзімізге қоғамнан көптеген келеңсіз мысалдар келтіруге болады. Мәселен, таяуда Атырауда соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға. Қоғамдық тәртіпке бағынуға шақырған күзетшінің ар-намысын аяусыз таптаған блогерсымақтың әрекетінен соң азаматтың қан қысымы көтеріліп, жүрегі тоқтап қалған. Сөз-сүйектен өтеді. Ақыры орынсыз дарақылықтың салдарынан бір әулет қара жамылды. Жалпы мемлекеттік қызметте немесе ел алдында жүрген азаматтардың басқан қадамын аңдып, көп алдында масқаралап хайп қуу әдеткі дүниеге айналды, - дейді Жарқынбек Амантай.
Оның сөзінше, қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде «бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін» деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздырып барады.
Депутат олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар екенін жеткізді. Жарқынбек Амантай оларды ауызекі тілде «инфосығандар» деп атайтынын айтты.
Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Өз тағдырын түзей алмағандар өзгенің киелі табалдырығана төрелік айтып бағуда. Ал олардың көпке ұсынып отырған сабақтары біздің ұлттық құндылықтарымызға, Мемлекеттің «Неке және Отбасы туралы» заңына қаншалықты сай екендігін тексеріп, талдап жатқан ешкім де жоқ, - дейді Жарқынбек Амантай.
Ол мынадай ұсыныстар жасады:
- Ең алдымен инфо бизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуі қажет.
- Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы заңға сәйкес жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс.
Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды.
- Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс.
- Халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.