Жыл соңына дейін барлық жолаушылар пойыздары интернетпен қамтылады

22 Шілде 2026, 10:35
АВТОР
 Көлік министрлігі 22 Шілде 2026, 10:35
22 Шілде 2026, 10:35
135
Фото: Көлік министрлігі

Қазақстанда жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алып келеді. Қазіргі таңда бірнеше әлеуметтік маңызы бар бағыттағы пойыздарда интернет қолжетімді болса, Көлік министрлігі бұл жұмысты биылғы жылдың соңына дейін толық аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жолаушылар пойыздарын интернетпен қамту жалғасуда

Көлік министрлігі теміржол саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Осыған байланысты министрлікте әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың қатысуымен жиын өтті. Басқосуда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары шығарылып, жолаушылар теміржол тасымалын одан әрі дамытуға қатысты негізгі мәселелер қаралды.

Қандай бағыттар интернетпен қамтамасыз етілген?

Жиында қаралған негізгі мәселелердің бірі – жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету болды.

Бүгінде Қызылорда – Павлодар, Жезқазған – Астана, Астана – Семей, Алматы – Достық және Қызылорда – Көкшетау бағыттарында қатынайтын жолаушылар пойыздары интернетпен қамтамасыз етілген.

Министрлік алдағы уақытта бұл жұмысты жалғастырып, интернет қызметін өзге бағыттарда да кезең-кезеңімен енгізуді көздеп отыр.

Спутниктік интернеттің артықшылығы қандай?

Спутниктік байланыс технологиясын пайдалану ұялы байланыс операторларының қамту аймағынан тыс орналасқан теміржол учаскелерінде де интернеттің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Соның арқасында жолаушылар сапар барысында WhatsApp, Telegram секілді мессенджерлерді пайдаланып, әлеуметтік желілерге кіре алады, жұмыс сервистеріне қосылып, басқа да онлайн-платформаларды еш кедергісіз қолдануға мүмкіндік алады.

Пойыздағы Wi-Fi қалай пайдаланылады?

Интернет қызметіне қосылу үшін жолаушылар пойыздағы Wi-Fi желісін таңдап, авторизациядан өтуі қажет.

Авторизациядан кейін WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламаларды тегін жіберуге және қабылдауға болады.

Бұдан бөлек интернет-ресурстарға, әлеуметтік желілерге, бейнесервистерге және жұмысқа арналған түрлі қосымшаларға толық қолжетімділік беретін ақылы тарифті рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.

Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс

Жиын қорытындысы бойынша Көлік министрлігі тасымалдаушыларға жолаушылар пойыздарын интернетпен жабдықтау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Ведомствоның тапсырмасына сәйкес, жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқталуы тиіс.

Наверх