Жыл соңына дейін Мұнайлы ауданында жаңа тұрғын үй массиві пайда болады

27 Сәуір 2021, 12:52
1658
Бөлісу:
Жыл соңына дейін Мұнайлы ауданында жаңа тұрғын үй массиві пайда болады

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аудан әкімдігінің өкілдері бұл жобаны қолға алудың қаншалықты қажеттілігін жергілікті халық санының жылдан жылға қарқынды өсуімен түсіндіреді.

Мұнайлы ауданы бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Орынбасаровтың сөзінше, бүгінгі таңда 174 200-ден астам адам осы елдімекенде тұрады. Оның 33 мыңға жуығы жер телімін алуға кезекте тұр. 

Биылғы жылға 2907 азаматқа жер телімін беру жоспарда тұр. Жалпы халық санының еселеп өсуіне бірнеше себеп бар. Бірінші кезекте, Маңғыстау облысы табиғи туу бойынша республикада алдыңғы орында орналасқан. Сондай-ақ көршілес мемлекеттерден атақонысқа оралған қандастарымыздың басым көпшілігі Мұнайлы ауданына тұрақтайды. Осыған орай жазылған арызы негізінде жер кезегін бірнеше жыл күтуіне тура келеді, - деді ол. 
Мемлекеттік орган жетекшісінің айтуынша, жыл соңына дейін Мұнайлы ауданының картасында пайда болатын тұрғын үй массиві «Қызылтөбе-3» деп аталатын болады. Алдымен оған газ, тоқ секілді инфрақұрылымдық желілер тартылады. Бұдан соң кезегі бойынша азаматтарға жер телімін беру жұмыстары басталуы тиіс. 
Көгілдір отын желісі алдымен 751 жер теліміне барады. Электр энергиясын жеткізу жұмыстары енді басталады деп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарға бюджеттен 256 млн теңге бөлініп тұр. Мемлекеттік сатып алулар конкурсы жарияланды, - деді Бақытжан Орынбасаров. 

Жалпы Мұнайлы ауданында биыл 2 мыңнан астам жер телімі азаматтарға тұрғын үй және кәсіпкерлік нысан құрылысына берілетіндігі айтылды. Бұл ретте оның 656-сы Батыр ауылына, 300-і Дәулет ауылдық округіне, сонымен қатар тағы 1200-і Маңғыстау және Баянды елді мекендеріне қарайды.

Өзгелердің жаңалығы