Жыл сайын 40 мыңнан астам қазақстандық инсультке шалдығады

Астанада өткен «Инсульт мектебі – 2026» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында инсультті диагностикалау, емдеу және оңалтудың заманауи тәсілдері талқыланды. Іс-шараға Қазақстан және шетелдің жетекші мамандары қатысты.

 Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының баспасөз қызметі 5 Шілде 2026, 12:51
5 Шілде 2026, 12:51
38
Фото: Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының баспасөз қызметі

Астанада «Инсульт мектебі – 2026» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (ҰШМҮО) алаңында Қазақстанның жетекші мамандарымен қатар Аустралия, Үндістан, Испания, Ресей және Украинадан келген сарапшылар бас қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Конференцияны ҰШМҮО басқарма төрағасы Ержан Әділбеков ашты.

Іс-шараны «Қазақстандық инсультологтар лигасы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы және Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы ұйымдастырды.

Бүгінде Қазақстанда 85 инсульт орталығы жұмыс істейді. Оның алтауы бірінші деңгейдегі көмек көрсетіп, науқастарды ерте оңалтумен айналысады, – деді Ержан Әділбеков.

Айта кетерлігі, Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам инсульт жағдайы тіркеледі. 2025 жылы бұл көрсеткіш 50 мыңға жетті. Ми қанайналымының жедел бұзылысына шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру отандық денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

«Инсульт мектебі – 2026» конференциясы Астанада өтіп жатыр. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы инсультке шалдыққан науқастарға мамандандырылған көмек көрсететін еліміздегі жетекші медициналық мекемелердің бірі саналады. 2026 жылдың алғашқы бес айында орталықтың нейрохирургия және неврология департаментінде ми қанайналымының жедел бұзылысына ұшыраған 172 науқас ем қабылдады.

Екі күн бойы конференция қатысушылары инсультті диагностикалау, емдеу және науқастарды оңалтудың заманауи тәсілдерін талқылайды. Бағдарламаға 2026 жылғы атеротромбоздық инсультті емдеу жөніндегі ұсынымдарға арналған дәрістер, пікірталастар және ми қанайналымының жедел бұзылысы кезінде негізгі клиникалық шешімдерді қабылдау тактикасына арналған шеберлік сабақтары енгізілген.

Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде «Инсульт мектебі» тәжірибе алмасуға, емдеудің заманауи әдістерін талқылауға және халықаралық ұсынымдарды клиникалық тәжірибеге енгізуге арналған жетекші кәсіби алаңдардың біріне айналды.

Конференция жұмысына түрлі мамандықтағы дәрігерлер, «Неврология», «Нейрохирургия» және «Кардиология» бағыттары бойынша резиденттер, медициналық жоғары оқу орындарының докторанттары және өзге де медицина мамандары қатысып жатыр.

Наверх