Олардың ішінде ауыр дертке шалдыққан балалар да бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың» мәліметінше, қазір елімізде түрлі ауруы бар 4112 қазақстандық дене мүшелерін трансплантациялауға кезекте тұр. Олардың 104 бала. Науқастардың дені бүйрек ауыстыруға мұқтаж – 3756 адам. Одан бөлек бауыры ауыратын 190, жүрегінде ақауы бар 143, өкпесі сыздайтын 1 және өзге де ауыр дерті бар 5 адам тіркелген. Олардың кейбірінің арнайы аппараттардың көмегімен уақыт созып жүруден басқа амалдары қалмаған дейді мамандар.
Жалпы 2012 жылдан бері Қазақстанда 2686 трансплантация жасалған, олардың ішінде тірі донорлардан – 2247. Түрлі себеппен қайтыс болған 439 адамның дене органдары алынып, басқа адамдарға салыныпты. Жалпы әлемде қайтыс болған адамдардың дене органдарын донорларға тапсыру дұрыс жолға қойылған. Ал Қазақстандағы ахуал керісінше, 90-95 % жағдайда көпшілік қайтыс болған жақындарының дене органдарын өзге адамдарға ауыстыруға үзілді-кесілді қарсы болады.
Кейбір жағдайда қайтыс болған адамның трансплантациялауға жарайтын дене мүшелері бір емес, бірнеше жанның өмірін аман алып қалуға мүмкіндік беретінін көпшілік әлі де түсінбей келеді. Оған жақында Түркістан облысында болған жағдай дәлел. Жол апатынан опат болған 18 жасар жігіттің дене органдары Шымкент, Алматы, Астана қалаларындағы 4 науқасқа берілді.
Дәрігерлердің сөзінше, ағзаны алуға арнайы жасақталған екі бригада Алматы мен Астана қаласынан ұшып келген. Мәйіттен алынған бауыр, екі бүйрек пен жүрек, өкпе тізім бойынша трансплантация отасы қажет науқастарға хиругиялық жолмен салынды. Айта кетейік, мәйіттік донордың ағзасын алуға туыстары заңды түрде рұқсат берген.
Түркістан облысы бойынша мәйіттен ағза алу отасы тарихта алғаш рет өтті. Бір бүйрек облыстық клиникалық аруханада қалды. Жүрегі Шымкенттегі жүрек орталығына жіберілді. Бауыры Алматыға, өкпесі мен бір бүйрегі Астана қаласына жіберілді - дейді Республикалық транспланттау орталығының Түркістан облысы бойынша өңірлік үйлестірушісі Әмірхан Сандыбаев.
Көп ретте қайтыс болған адамдардың донор болуына жақындары қарсылық танытады. Бұл халықтың діни сенім-нанымдарымен тікелей байланысты. Алайда, көпшілік ислам дінінде дене органдарын трансплантациялауға рұқсат етілетінінен бейхабар. Ол үшін бірнеше шарттың орындалуы тиіс. ҚМДБ ресми сайтында бұл туралы былай делінген:
Кейбір аурулар адам ағзасының жұмысын тоқтатып, оны ауыстырып салу қажеттілігіне әкеп соқтыруы мүмкін. Ағзаны ауыстыру (транспланттау) деп ағзаларды (ағзаның бөлігін), тіндерді (тіннің бөлігін) ағзаның басқа жеріне немесе басқа ағзаға ауыстырып салу түсініледі. Бүгінгі күні бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі секілді ағзалар транспланттанады.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың құлдары, ауырғанда емделіңдер! Себебі, Алла Тағала әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Шипасы жоқ дерт – өлім мен кәрілік», – деген (Ахмад).
Мысыр пәтуа орталығы, Ислам конференциясы ұйымы жанындағы Фиқһ академиясы және Кувейттің Дін істері министрлігі осы мәселеге қатысты пәтуа шығарған, онда: «Ағзаларды ауыстыруға тірі адамнан да, өлген адамнан да рұқсат етіледі. Қайтыс болған адамның ағзасын трансплантаттауға рұқсат беру үшін келесі шарттар орындалуы керек:
1. Ағзаны ауыстыру науқасты емдейтін жалғыз ғана жол екені жайлы білікті маманның шешімі;
2. Трансплантаттау ғана науқас адамға көмектесеті жайлы дәрігерлердің сенім білдіруі;
3. Ағзасын донор ретінде беретін адамның қайтыс болғанға дейін ағзасын өлгеннен кейін трансплантаттауға рұқсат беруі;
4. Ағза доноры медициналық әрі діни тұрғыдан да өлді деп жариялануы;
5. Донорлық ағзалардың тауар секілді сатылуына тыйым салынуы;
6. Науқас адамның өз ағзасын ауыстыруға келісім беруі.
Ал тірі адамның ағзаларын трансплантаттау үшін келесі шарттар орындалуы керек:
1. Донордың ағзасын алғанда оның денсаулығына зиян келмейтіні жайында білікті дәрігерлердің шешім шығаруы;
2. Донор болған адамның белгілі ағзасын алу оның өміріне ешқандай қауіп төндірмеуі;
3. Адамның ағзасын сауда тауарына айналдырмау, одан ешқандай пайда көздемеу шарт» делінген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесі де 2015 жылы бұл мәселе туралы осындай пәтуа қабылдаған.
Осыған қарамастан елімізде мәйіттік донорлықты қолдайтындар аз. Трансплантолог мамандардың айтуынша, жағдайды реттеу үшін ең бірінші кезекте халықтың сауатын арттыру қажет. Қоғам болып бұл тақырыпты ашық талқылап, дін өкілдері, ресми органдар тарапынан жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Сонда ғана жылдап кезегін күтетін науқастарды аман алып қалып, оларға өмірін әрмен қарай жалғастыруға тағы бір мүмкіндік беріледі дейді мамандар.