Жыл сайын 1000-ға жуық мемлекеттік және мемлекетаралық стандарт әзірленеді

25 Шілде 2020, 11:41
1423
Бөлісу:
Жыл сайын 1000-ға жуық мемлекеттік және мемлекетаралық стандарт әзірленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дағдарыс жаңа процестерді дамыту және тиімсіз шараларды қайта қарау үшін триггер болады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында жазды.

Алдыңғы қатарлы халықаралық құжаттар негізінде жыл сайын шамамен 1000-ға жуық мемлекеттік және мемлекетаралық стандарт әзірленеді. Кәсіпорындар осыларды пайдалану арқылы жоғары сапалы өнім беруге мүмкіндік алады. Сапасы неғұрлым жоғары болған сайын кәсіпорынның және оның тауарларының бәсекеге қабілеттілігі ішкі нарықта да, жаһандық нарықта да соғұрлым жоғары болатыны баршаңызға мәлім.

Стандарттау жөніндегі ұлттық органға стандарттарды әзірлеуге өтінімді барлық мүдделі тараптар – бизнестің өзі, мемлекеттік органдар, академиялық орталар және техникалық комитеттер бере алады. Техникалық комитеттердің өзі іс жүзінде алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу бойынша тар бейінді техникалық сарапшылар болып табылады. Алайда стандарттардың қор сөресінде тұрып қалу жағдайлары кездесетіндіктен, стандарттарды әзірлеуді жоспарлау және қаржыландыру процестерін қайта қарау, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді бүкіл жерге енгізу қажет деп санаймын. Біз міндетті түрде динамиканы сақтауымыз және стандарттаудың әлеуетті резервтерін стандарттарды әлде де сұрыптап әзірлеу арқылы арттыруымыз керек,  - деді ол.

Министр стандарттарды әзірлеу процесін жоспарлау ең алдымен, саланың терең маркетингіне негізделуге тиіс деп есептейтінін жеткізді. 

Өндірушіден келіп түскен өтінімді қарай отырып, Стандарттау жөніндегі ұлттық орган бизнестің осы стандартты қолдану әлеуетін, жалпы сапаны арттыруды, экспортты жылжытуды және сауданы дамытуды ескеруге тиіс. Екіншіден, менің ойымша, әзірлемені тікелей қаржыландырудан шығындарды субсидиялау форматына өте отырып, стандарттарды әзірлеуді қаржыландыру схемасын өзгерту тиімдірек болады. Бұл ретте стандарттың сұраныста болуы негізгі шешуші шарт болуға тиіс. Қорытындыласақ, маңызды бағыт – цифрландыру. Өткен жылы Стандарттау жөніндегі ұлттық орган "Е-жоспарлау" автоматтандырылған модулін әзірледі, бұл стандарттарды әзірлеуге берілген онлайн өтінім-ұсыныстарды жинауға, өңдеуге және іріктеуге мүмкіндік береді, - деді Сұлтанов.

Оның айтуынша , бұл жұмыс стандарттарды цифрландыру және әртүрлі мемлекеттік жүйелермен, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу жүйелерімен интеграциялау бағытында жалғасып келеді.

Ақыр аяғында біз стандарттардың экономиканың барлық салаларында, шағын бизнестен ірі бизнеске дейін, қызмет көрсету саласынан жоғары технологиялық өндірістерге дейін қолданылатына қол жеткіземіз. Өндірушілер мен барлық ниет білдірушілердің назарына! Сәуір айынан бастап Стандарттау жөніндегі ұлттық органда электрондық стандарттар кітапханасы іске қосылды. Электрондық оқу залы 9 мыңнан астам ұлттық стандарттың (ҚР СТ) және 27 мыңға жуық мемлекетаралық стандарттың (ГОСТ) мәтіндерін қарауға мүмкіндік береді. Аталған сервис Lib.egfntd.kz сілтемесі бойынша қолжетімді, - деп жазды министр.

Өзгелердің жаңалығы